Ерлан Қарин ұстаздарды қолдаудың нәтижелерін атап өтті

Вице-президент Ерлан Қарин Мұғалімдер күні кәсіби мереке аясынан әлдеқашан шығып, жалпыұлттық мерекеге айналғанын атап өтті.

Фото: Ақорда

Ол Ұстаздар күні кәсіби атаулы күн болса да, шын мәнісінде халықтық мереке сипатына ие мереке екенін атап өтті.

— 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 5 қазан — Ұстаздар күні болып нақты бекітілді. Сол уақыттан бері Президенттің мұғалімдерді «Ақордада» арнайы қабылдап, құттықтауы игі дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы бүгін де ардагер ұстаздарға, еңбегі елеулі педагогтерге, жетістікке жеткен мұғалімдерге айрықша құрмет көрсетті, — деп жазды Ерлан Қарин.

Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаздардың мәртебесін көтеріп, оларды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді.

— Президент ретінде қабылдаған алғашқы маңызды шешімдерінің бірі де мұғалімдерге қатысты болғанын жақсы білеміз. Оның тікелей бастамасымен «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Ең жоғары мемлекеттік награда — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мұғалімдерге беріле бастады. Сол секілді мұғалімдердің еңбекақысын еселеп арттырып, саладағы бәсекелестікті жаңа деңгейге көтерді.

Президент тек мұғалімдерге ғана емес, жалпы білім саласына ерекше қолдау көрсетіп отыр. Кейінгі 7 жылдың өзінде елімізде 1301 жаңа мектеп ашылды. Бұл ретте Қазақстан жаңа мектептер құрылысы жөнінен Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет екенін атап өткен жөн.

Баршаңызды бүгінгі Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы айтқандай, «Мықты мұғалім — сапалы ұлттың тірегі». Елдің ертеңгі болашағына, ұрпақ тәрбиесіне жауапты мұғалімдерге толайым табыс пен бақ-береке тілейміз, — деді Вице-президент.

Айта кетелік бүгін айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалім жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.