Оның айтуынша, ішкі мәдениеті мен берік адамгершілік ұстанымдары қалыптасқан қоғам ғана қазіргі заманның сан алуан сын-қатеріне төтеп бере алады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге айрықша мән беріп келеді.
– Өзін-өзі ұстау мәдениетін, жаңа қоғамдық этика қағидаттарын қалыптастыру – ұлтымыздың дамуы мен өркендеуінің негізгі алғышарттарының бірі. Ішкі мәдениеті мен берік адамгершілік ұстанымдары қалыптасқан қоғам ғана қазіргі заманның сан алуан сын-қатеріне төтеп бере алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің маңызын терең түсінеді. Сондықтан да, ол осы бағытқа айрықша мән беріп келеді, – деді Ерлан Қарин.
Ол қазіргі кезде қоғамдағы дау-дамайлардың көпшілігі азаматтардың мәдениетсіздігінен, дарақылығы мен әдепсіздігінен туындайтынын атап өтті.
– Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің я даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу, тазалық пен тәртіпті сақтау, – деді ол.
Ерлан Қарин ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту және жаңа әдеттерді қалыптастыру ұзақ уақытты қажет ететінін айтты.
– Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес екені белгілі. Әрі мұндай өзгеріске жылтырақ идеологиямен қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті, қазір жалаң үгіт-насихатпен емес, нақты істермен айналысу тиімді, – деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен кезең-кезеңімен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді, вандализмге қарсы заң қабылданды, табиғи нысандарды қорғау талаптары күшейтілді, қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруге қатысты заңнамалық норма енгізілді, көшеде бейәдеп сөз айтуға тыйым салынды, тазалық пен тәртіпті сақтауға басымдық берілді, жол қозғалысы ережелеріне қойылатын талаптар күшейтілді, сондай-ақ әлеуметтік желілерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлағаны үшін жауапкершілік қарастырылды.
– Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда құқықтық тетіктердің де рөлі зор. Сондықтан, Ішкі істер министрлігі осы күндері хайп үшін жаға ұстатарлық әрекеттерге баратын әлеуметтік желі қолданушыларын, қауіпті пранк жасаушыларды жауапкершілікке тартып, олардың атын атап, түсін түстеп ашық көрсете бастады. Құқық бұзушыларға қатысты мұндай шараларды қолдану өзгелерге сабақ болатыны анық, – деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның киелі нысандары ЮНЕСКО тізіміне енгенін мәлімдеді.