Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасындағы егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарының орнына тоқталды

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасындағы егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарының орнына тоқталды.

- Жаңа Конституцияда тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттілік, аумақтық тұтастық секілді ұғымдар мемлекеттің басты құндылығы, негізгі басымдығы ретінде айқындалып, орныққан. Оны жаңа преамбуладан анық аңғаруға болады. Сондай-ақ, кейбір нормаларда дәйекті түрде белгіленеді.

Қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда тәуелсіздік деген сөз екі рет аталады. Сол сияқты егемендік сөзі де екі рет аталады. Қазір қоғам талқылауына ұсынып отырған жаңа Ата заңның жобасында тәуелсіздік, егемендік ұғымдары 6 рет аталады. Не үшін? Себебі, басынан аяғына дейін тәуелсіздік, егемендік ұғымдары – негізгі, фундаменталды ұғымдар, - деді ол.

Мемлекеттік кеңесші бұл сөзіне нақты нормаларды мысал етіп келтірді.

- Атап айтқанда, 2-баптың 6-тармағында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі өзгермейді деп нақты тұжырым жасалған. 3-баптың 1-тармағындағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізін құраушы қағидаттары ең алдымен егемендік пен тәуелсіздікті қорғау деп басталады. Нығайту, дамыту емес, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау деп басталады, - деді Ерлан Қарин.

Айта кету керек, өткен апта аяғында жарияланған жаңа Конституцияның жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы норма 9-бапта орналасқан. Ол жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені, ал мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылатыны айтылған.