Қазіргі таңда өңірде әлеуметтік төлемдер алу үшін өз табыстарын жасырған адамдарды анықтауға көмектесетін мобильді топ жұмысын аяқтап қалды. Бір өкініштісі, облыста осындай отбасылар табылып жатыр.
«Аулаларды аралау нәтижелері бойынша 199 отбасы үшін АӘК төлемдерін тоқтату туралы шешім қабылданды. 17 отбасы заңсыз алынған қаражатты өз еркімен өтейді. Қазір қалғандармен учаскелік комиссиялар жұмыс істеуде. Бұл қаражат сот арқылы өндіріп алынады», - деп түсіндірді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Өңірде барлығы 9 355 отбасы әлеуметтік төлемдер алады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 есеге артты. Ал бюджет қаражатының шығындары 6 есе өсті.
«Атаулы әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж адамдарға арналған нақты және айқын қолдау көрсететін тетіктер болуы қажет. Көмек атаулы болуы, әрқайсысымен жұмыс істелуі тиіс. Масылдыққа жол беруге болмайды! Алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың кез келген фактілері үшін қатаң жазаланатын болады. Қалалар мен аудандардың әкімдері ол үшін жауапты болады. АӘК есептеу заңдылығын жеке бақылауға алу керек», - деп тапсырды Ерлан Қошанов.