Ерлан Қошанов әкімдерге ЖЭО жұмысын тәулік бойы қадағалауды тапсырды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Ерлан Қошанов жыл сайын жаңа жыл алдында азық-түлік бағаларының көтерілуі мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты .

- Қазірдің өзінде негізсіз бағалардың көтерілуіне жол бермеу үшін алдын ала жұмыстар атқара бастау керек, - деді ол. - Осы жылы ондай жайттар қайталанбас үшін қандай жедел шаралар қолдануға болатынын ойластыру қажет. Бұл бірінші кезекте қалалар мен аудандардың әкімдеріне қатысты. 

 Аймақ басшысы орынбасарлары мен басқармалар басшыларына апат пен күтпеген жайттардың алдын алу үшін ЖЭО-да тәулік бойы кезекшілік етуді тапсырды. 

Сонымен қатар алдағы мерекелік күндерде қоғамдық тәртіпке жіті назар аудару қажеттігі атап өтілді. 30 қараша мен 1 желтоқсанда Қарағандыда және облыста Тұңғыш Президент күніне орай бірнеше шаралар өтеді деп жоспарлануда. Дәлірек айтар болсақ, Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында «Біздің көшбасшы - біздің күшіміз!» ауқымды медиажобасы ұйымдастырылады.