Ерлан Қошанов Брест қамалы музейіне Хиуаз Доспанованың мүсінін сыйға тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент Мәжілісінің делегациясы Беларусь Республикасы Брест қаласында Ұлы Отан соғысының басталуының 85 жылдығына арналған «Ұлы мұра — ортақ болашақ» халықаралық форумына қатысты.

Фото: Мәжіліс

Форумға Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Мьянма, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Вьетнам, Сербия, Венесуэла, Куба, Қытай, Моңғолия және Лаос елдерінің Парламент делегациялары мен дипломатия өкілдері қатысты. Іс-шара 1941 жылдың маусымында фашистікГерманияның тұтқиылдан жасаған шабуылын алғаш болып қабылдаған Брест қаласында өтті.

Фото: Мәжіліс

Форумның жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Ерлан Қошанов 22 маусым — бұл тек қана сұрапыл соғыстың басталған азалы күні емес, сонымен бірге тарихты терең зерделеп, сансыз құрбандықтың арқасында келер ұрпаққа бейбіт өмір сүру құқығын сыйлаған жандарға алғыс білдіру күні екенін атап өтті. Мәжіліс спикері Екігші дүниежүзілік соғыстың алғашқы әрі ең ауыр шайқасының бірі — Брест қамалын қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне ерекше назар аударды.

— Брест қамалын Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жауынгерлер қорғады. Брест гарнизонындағы жеті мың әскери қызметшінің шамамен мыңға жуығы Қазақстаннан келген сарбаз болды. Олардың барлығы дерлік осы жерде қаза тапты. Бүгінде әлем жаңа сын-қатерлерге тап болып отырған кезде біздің ортақ міндетіміз — тарихи жадымызды сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу. Былтыр Астанада өткен әскери парадта сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс туралы ақиқатты сақтау маңызды екенін атап өтті, өйткені шындықты білмейінше бейбітшіліктің бағасын түсіну мүмкін емес. Ортақ ерлікті есте сақтау — халықтарымыз арасындағы достықтың, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың ең берік іргетасы болып қала береді, – деді Ерлан Қошанов.

Фото: Мәжіліс

Ол өз сөзінде Беларусь жерінде қаза тапқан отандастарымыздың есімін жаңғырту бағытындағы қазақстандық тарихшылардың еңбегін ерекше атап өтіп, Брест қамалын қорғаған, есімдері бүгінге жеткен батырларды атады.

Мәжіліс төрағасы қазақ партизандарының ерлігіне де жеке тоқталды. 65 беларусь партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1,5 мыңнан астам қазақ шайқасқан. Солардың бірі — аңызға айналған партизан қолбасшы Әди Шәріпов, оның есімі Минскідегі көшелердің біріне берілген.

— Тарихшылардың зерттеулері бойынша, Беларусьті азат ету үшін болған шайқастарға 120 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Олардың әрбір бесіншісі осы жерде жерленген. Беларусь жерінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 84 қазақ жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Кеңес Одағының Батыры Қазбек Нұржанов пен Сүндетқали Есқалиевтің есімдері де Беларусь жерінде мәңгі құрметке бөленген. Біз қаза тапқан жерлес батырларымыздың есімін ардақтаған бауырлас беларусь халқына және ел басшылығына шын жүректен алғыс білдіреміз, — деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Қазақстанның майданды мұнай өнімдерімен, жанар-жағармай, көмірмен, қорғасынмен, киім-кешекпен, аяқ киіммен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін де еске салды. Сонымен қатар соғыс жылдары еліміз жарты миллионнан астам эвакуацияланған азаматтарды, соның ішінде Беларусьтің 110 мыңнан астам тұрғынын қабылдады. Қазақ жеріне 111 балалар үйі көшіріліп әкелінді, бұл — соғыстан зардап шеккен барлық республикалардан келген 13 мың бала. Ерлан Қошанов осы жанашырлық пен ынтымақ халықтарымыздың ең маңызды адами өнегесі екенін атап өтті.

Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Брест қамалында өткен еске алу іс-шараларына қатысты. Депутаттар «Қаһарман Брест қамалы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Брест қамалы гарнизоны зиратындағы Естелік аллеяда қазақстандық жауынгерлерді еске алып, олардың рухына тағзым етті.

Брест қамалын қорғау музейіне барған Ерлан Қошанов Мәжіліс Парламенті атынан музейге Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, аты аңызға айналған қазақ ұшқышы — Хиуаз Доспанованың мүсінін сыйға тартты. Хиуаз Доспанова әйгілі 588-ші түнгі бомбалаушы авиация полкінің («Түнгі мыстандар» ретінде танылған) құрамында Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказда, Украинада, Беларусьте және Польшада әскери іс-қимылдарға қатысты. Бұл еңбектің авторы — мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов. 

Айта кетелік Беларусьте соғыс ардагерлеріне қанша қаражат берілгені туралы жазған едік