Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Теміртауда желтоқсанда металлургтер қаласының тұрғындары үшін медициналық көмекті айтарлықтай жеңілдететін емхананың құрылысы басталады.
Облыс әкімдігіндегі аппараттық жиналыста жауаптылар Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берді.
Естеріңізге сала кетейік, 2018-ші жылдың 6-7 қыркүйегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына іс-сапарымен келіп қайтқан болатын.
Қарағанды қаласының Достық үйінде жұртшылықпен кездесу барысында Елбасы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы Президенттен жаңа әлеуметтік нысандар салу және ЖЭО-2 жаңғырту бойынша тапсырма алды. Компанияның қаражатына Теміртауда емхана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, балабақша салынуы тиіс. Қарағандыда жүзу бассейні мен Оқушылар сарайы салынуы керек.
«Бұл қала тұрғындарына бірінші кезекте қажет нысандар. Елбасының тапсырмалары жедел қарқынмен жүзеге асырылуы тиіс. Олардың орындалу барысы ерекше бақылауда», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Теміртауда емхананың құрылысына жер таңдап қойылды. Ол әлеуметтік қала ауданында 32-ші орамда - №4 мектеп пен трамвай паркінің жанында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің айтуынша, бұл жер жақсы таңдалған.
«Инфрақұрылымдар мен басқа да қажеттіліктерге барынша жақсы келеді. Қаланың бұл бөлігінде біздің нысандар жоқ. Тұрғындар үшін ыңғайлы болады. Біз есептеп көрдік. Мұнда 15 000-нен 20 000-ға дейін адам қызметтерді пайдаланады, - деп атап өтті ол.
Емхана мен спорттық кешен дайын жоба бойынша салынады. Алдағы уақытта компания сызбаларды электрондық түрде алады.
«Міндет қойылды. Емхананың құрылысын осы жылы бастаймыз. Спорт кешені бойынша жұмыстарды келесі жылы бастаймыз деп ойлаймын», - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин.
Ол ЖЭО-2 жаңғыртуы бойынша келісімшарт орнатуға қадам жасалып жатқанын мәлімдеді. Атқарушы директордың айтуынша, жетінші қазандықтың құрылысы бойынша шешім қабылданды.
Қарағандыдағы тапсырмалардың орындалу қарқыны туралы қала әкімі Нұрлан Әубәкіров мәлімдеді. Қарашада Оқушылар сарайының құрылысына байқау жарияланады. Осы аптада жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы келеді деп күтілуде. Жүзу бассейні бойынша ЖСҚ келесі жылы басталады.