Ерлан Қошанов: Конституция басты құндылықтарымыз - бейбітшілік пен келісімге негізделген

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өңір басшысы Ерлан Қошанов қарағандылықтарды Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің ресми сайты. Ол мерекеге арналған салтанатты шараның ашылуында өз тілегін білдірді.

- Конституция - бұл құжат біздің басты құндылықтарымыз - бейбітшілік пен келісімге негізделген. Біз бірлігімізді сақтай білдік. 140 ұлттың дін бостандығын, нанымын, өзіндік ерекшелігі бар мәдениетін сақтап қалдық. Әлемнің 20-дан астам ең үздік Конституцияларын біздің Елбасымыз және заң шығарушы тұлғаларымыз зерттегенін біреу білсе, енді бірі білмейді. Олар тек ғаламдық даму тенденциясын ғана ескерген жоқ, сонымен қатар біздің дәстүрімізді жоғары қоя отырып, Ата Заңымызды қабылдады. Біздің Конституциямыз әлі күнге дейін әлемдік зерттеушілердің зерттеулері бойынша ең озық ойластырылған Конституциялардың бірі деп танылып келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Конституция - біз үшін өмір стилі». Егер әрқайсымыз осы сөздің терең мағынасын түсінсек, онда Қазақстан үшін бұл 30 дамыған елдің қатарына енудің даңғыл жолы болады. Заңды жанды ететін адамдар, оның ішінде біз - қарағандылықтар да бармыз. Біздің еліміз Қазақстан қарыштап дами берсін!», - деді аймақ басшысы.