Ерлан Қошанов студенттерге әкім үшін бақыттың не екенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» форумының қатысушыларымен кездесті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты .

Жастардың сұрақтарына жауап бере келе, аймақ басшысы өзі туралы, ол үшін бақыт деген не екенін және де Қарағандыда жаңа балалар мен жасөспірімдер сарайы қашан пайда болатынын айтты. 

- Осындай кездесулерге қуана келемін, әсіресе жастар аудиториясына. Мұнда ең шынайы әрі тікелей байланыс орнайды. Қарағанды облысы - еліміздің ең жас және урбанизацияланған аймағы,-деді Ерлан Қошанов форумның ашылуында. 
Шараның басты мақсаты жастар бойында дәстүрлі құндылықтарды, қазақстандық патриотизмнің жаңаша ұстанымдарын және де халқымызға тән діни сана-сезімді қалыптастыру, сондай-ақ прагматизм мен критикалық ойлау дағдыларымен байланысты сұрақтарды талқылау болды. 
Форумға қатысушылармен кездесуге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Абзал Нүкенов, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, «Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдениеті университетінің ректоры Жуда Басюни және Қазақстан ММА федерациясының президенті Анатолий Ким келді. 
Жастар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Мысалға Ерболат есімді студент әкімнен сіз үшін бақыт деген не деп сұрады? 
- Сіз қандай бақытты айтасыз - әкімнің бақыты ма, әлде жеке ме?-деп күлді Ерлан Қошанов. -Егер әкімнің бақыты жайлы айтар болсам, онда ол аймақ тұрғындарының бақыты дер едім. Аймақта көмір, жылу, су бар болса, қоғамдық көлік уақтылы жүріп-тұрса - мен үшін бұл үлкен бақыт болар еді. Және де, бастысы тұрғындар маған ұрыспаса. Ал жеке бақытқа келер болсақ, ол - менің отбасым. Қыздарымның бақыты, отбасымның бақыты - мен үшін маңыздысы осы.
Жастарды қызықтырған тағы бір сауал ол Қарағандыда Жастар сарайының құрылысы. Облыс әкімінің сөзінше, ол жоспарда бар. 
- Қаламызға көптеген нәрселер қажет. Бізге үлкен концерт залы, үлкен монша және шығармашылық үй қажет. Мұның барлығы жоспарда бар, алайда оларды іске асыру үшін уақыт керек. Келесі жылдан бастап біз екі нысан құрылысын қолға аламыз. Олар 1250 орындық үлкен концерт залы мен Балалар мен жасөспірімдер сарайы, онда қаладағы ең үлкен 50 метрлік бассейн болады. 
Ал Дарья есімді қыз әкімнен Қарағанды аймағы туралы алғашқы көзқарасы туралы сұрады. 
- Көзқарасым жақсы, бірақ оны алғашқы деп айтуға келмес. Мен өз туған жеріме жұмыс істеуге келдім. Бұған дейін де мен апта сайын Қарағандыда болатынмын. Мен осында, Қарағанды облысында туып, өстім, көп жылдар бойы Жезқазғанда жұмыс істедім. Сол себепті мұны алғашқы көзқарас деп атауға келмейтін шығар, себебі мен өз үйіме келдім,-деп жауап берді Ерлан Қошанов. 

 Жастар форумы Қарағандыда осымен екінші рет өткізіліп отыр. Биыл форум аясында семинар-тренингтер, Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының студенттерімен спикерлердің кездесуі, облыстық өлкетану музейіне экскурсия, облыс әкімі кубогі үшін Жайдарман фестивалі, Қаздауысты Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығы арналған ғылыми-практикалық конференция, «Қазыбек би» спектаклінің көрсетілімі, «TEDx QARAGHANDY» клубының ашылуы өтеді.

Қарағанды облысында әрбір төртінші тұрғыны - ол 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Және де жастардың 80 пайызға жуығы қалаларда тұрады.