Ерлан Қожағапановқа шығарылған үкім күшінде қалды – сот шешімі

Фото: Twitter

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда соты бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа шыққан үкімге түскен апелляциялық шағым бойынша шешім шығарды.

Экс-шенеунік сот үкімімен 3 жыл жаза арқалады, бірақ, экс-вице-министрді қорғаушы тарап үкіммен келіспей апелляциялық шағым түсірді. Бүгін сот шешімімен апелляциялық шағым қанағаттандырылмады, яғни жаза сол күйінде қалды.

Одан бөлек, бұрынғы министр орынбасарының аталған қылмыстық іс бойынша сыбайласы SUCCESS K агенттігінің бұрынғы бас директоры Ләззат Көккөзова да сот алғаш тағайындаған жазаны өтейтін болды – 5 жыл мерзім.

Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. 

Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.

Биыл мамырда бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановға қатысты сот үкімі шықты. Ал тамызда Ерлан Қожағапановты қорғаушы тарап сот үкіміне шағым түсірді. 

Сондай-ақ бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов соттан өзін ақтауды сұрады.

Ал прокурор экс-вице-министрге жазаны қатаңдатуды талап етті. 

Кеше өткен сот отырысында Ерлан Қожағапанов 910 миллион теңгеден астам қаражат жалған шарт арқылы шығарғаны айтылды. 

Осылайша Ерлан Қожағапановты қорғаушы тарап сот үкімімен біраз күресті.