Ерлан Саиров: 82,9 млн гектар босалқы жер тиімсіз игеріліп жатыр

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекетке қайтарылған жердің көбі игерілмей жатқанын сауал етіп жолдады. 

— Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында атап өткендей, әкімдіктер жаңа жер пайдаланушыларға қайтарылған жердің жартысына жетпейтін бөлігін ғана қайта үлестірген. Бұл небәрі 6 млн гектар. Осылайша қазірдің өзінде қайтарылған 7,5 млн гектар жер бос жатыр, 82,9 млн гектар босалқы жер тиімсіз игеріліп жатыр.
29 млн гектардан астам жер деградация жағдайында, оның ішінде 3 млн гектарға жуығы тұзданып кеткен, — деген депутат Қазақстанда жердің көміртекті егіншілікке жарамдылығы мен деградациясы туралы деректерді жинақтайтын орталықтандырылған ақпараттық жүйе жоқ екенін атап өтті.

Ерлан Саиров Үкіметтен келесі егіс науқанына дейін ауылда бос жатқан 7,5 млн гектар жерді ашық және әділ үйлестіруді талап етті.

— Жер ресурстарының цифрлық картасын және Жайылымдар кадастрын жедел іске қосу, соның ішінде мұқтаж фермерлер мен қарапайым ауыл тұрғындарын жайылымдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нақты жер деректерін кадастрлық мәліметтермен біріктіру қажет, — деді Мәжіліс депутаты.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керектігін айтқан болатын