Ерлан Саиров: Қайта құрылатын шекаралық аудандарда мұғалім мен дәрігер жалақысына үстеме төлеу керек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда шығыстағы үш бірдей шекаралық ауданды қайта құру туралы шешіміне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігінің ең негізгі аспектілері – осы шекаралық аудандарды түзеу. Өйткені бүгін дүниежүзінде халықаралық құқықты мойындамайтын мемлекеттер пайда болды. Сондықтан бізде бос территория болмау керек. Аймақтардың бәрін халықпен толтыруымыз керек. Ол үшін мемлекеттік реттеу болу қажет.

Мысалы, Катонқарағай мен Марқакөлден халық көшіп кеткен. Азаматтардың көбі ол жақтан аудан жабылғаннан кейін көшіп кеткендерін айтып жүр. Сондықтан енді аудан ашылғаннан кейін ол жақтағы мәдениет пен білімді көтеріп, азаматтарға сапалы жұмыс орнын беріп, соның негізінде көшіп кеткен азаматтарды қайтарудың амалын жасау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл қадамы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты аспектілерінің бірі», - деді Мәжіліс өкілі.

Сондай-ақ ол кейінгі ширек ғасырдың ішінде жайлы өмір іздеп шекаралық аудандардан үдере көшкен халықты байырғы қоныстарына қайтару үшін не істеуге болатынын айтты.

«Халықты қайта көшіру үшін сондағы білім, мәдениет, медицина саласының өкілдерінің айлығына үстемеақы қосып төлеу керек. Оның бәрін заң бойынша реттеуге болады.

Ең негізгісі, сол жақтарда шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама керек. Оны Үкіметпен бірге әзірлейміз», - деді депутат.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай және Марқакөл аудандарын, Абай облысындағы Мақаншы ауданын қайта құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.