Ерлан Шойтымов «Ертіс» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарлық «Ертіс» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл қызметті Ерлан Шойтымов атқаратын болды.

Фото: Ертіс ФК

Жаңа бас бапкерді тағайындау туралы ресми ақпарат футбол клубының Instagram-дағы парақшасында жарияланды.

46 жастағы отандық маманмен ресми келісімшарт жасалды. Ерлан Шойтымов – бұрынғы кәсіби футболшы. Ол ойыншы ретіндегі мансабын 1999 жылы бастап, Қызылорданың «Қайсар» клубы сапында Қазақстан кубогын жеңіп алған.

- Ерлан Шойтымов «Қайсар» клубы құрамында 101 матч өткізіп, 4 гол соқты. Сондай-ақ «Ақтөбе» сапында 82 кездесуге қатысып, 4 мәрте мергендігімен көзге түскен. Ойыншы мансабын аяқтаған соң бапкерлікке ауысып, ассистенттен бас бапкерге дейінгі жолдан өтті, – деп хабарлады «Ертіс» клубынан.

Ол бұған дейін «Жетісай», «Байқоңыр», «Яссы» және «Қайсар» сияқты ұжымдарда бапкерлік қызмет атқарған. Павлодарлық клубқа келгенге дейін Ақтаудың «Каспий» командасын жаттықтырды.

Еске сала кетейік, биыл «Ертіс» футбол клубында үшінші бас бапкер қызметінен кетті.