Ерлан Сламбеков Атырау облысы білім басқармасының басшысы болды

Фото: Фото: РСК
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау облысы әкімінің өкімімен білім басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Енді лауазымды Ерлан Сламбеков тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жаңа басшысыны ұжымға танысырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Ерлан Талғатбекұлы 1983 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. Түркияның Селжук университетін «тарих» мамандығымен бітірген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогика университетінен тарих магистрі, Еуразия ұлттық университетінен педагогика және психология мамандығы бойынша PhD докторанты атанған. АҚШ-та Mindsteps TM және ASCD, Ұлыбританияның North London Grammar School-да, Астана, Алматы қалаларындағы білім беру орталықтарында тағылымдамадан өткен.

2005-2006 жылдары А.Мәлкеев атындағы Есік қазақ-түрік жасөспірімдерге арналған лицей-интернатында тарих пәні мұғалімі, 2006-2009 жылдары Ақтөбе облысында дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, 2009-2011 жылдары Қостанай облысында дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болған.

2011-2013 жылдары Сулейман Демирел атындағы колледжінде директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, 2013-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысында дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты директорының бағдарлы оқыту бойынша орынбасары, 2014-2015 жылдары Астана қаласында дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.

2015-2019 жылдары Астана қаласында дарынды қыз балаларға арналған Білім-инновация лицей-интернатының директоры, 2019-2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласында гуманитарлық колледж директоры, 2021-2023 жылдары Жамбыл облысында дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған Білім-инновация лицей-интернатының директоры лауазымын атқарған.

Биылғы мамардан бері Білім және ғылым министрлігі «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары қызметінде болды.

«Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері.

Еске сала кетелік, бұған дейін Шәкір Кейкін Атырау қаласының, ал, Абат Жанғалиев Атырау облысы Құрманғазы ауданының жаңа әкімі тағайындалғанын жазған едік.