Ерлан Сыздықов: «AMANAT» көпшілікке халық қолдайтындай ұран тастай алуы керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов «AMANAT» партиясының трансформациясы туралы өз пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таяу арада Мемлекет басшысы, партия лидері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысы бойынша партияның съезі шақырылды. Ондағы басты жаңалық – партияның аты өзгерді. Аты өзгерді деген сөз – оның алдындағы тапсырма бойынша заты өзгереді деген сөз. Өйткені Президенттің, партия лидерінің айтуы бойынша, ендігі Жаңа Қазақстанда көптеген партиялар туындайды. Ол сөзсіз. Жылдың аяғында партияның серкесі қызметінен кететінін де айтып қалды. Яғни, партиялардың бәрі ортақ бәсеке алаңына шығады. Ана партия менікі, мына партия сенікі деген болмайды. Пікірталас, саяси талас туындайды. Осылайша өсеміз. Ол үшін ұйымдастырылған, қолдан жасалған партиялар емес, нағыз халықтың ойын айта алатын, ел ішінен, төменнен көтерілген партиялар көбірек керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Қоғам біреу, мемлекетіміз біреу, халқымыз біреу. Осылардың бәрін жетілдірудің бір ғана жолы бар. Бәсеке арқылы...», - деді ғалым.

Ректордың пайымынша, осы уақытқа дейін «AMANAT» жеңімпаз партия болып келді.

«Парламент пен Үкіметтің негізінде осы партия өкілдері тұр. Ал ендігі жағдайда сол позициясын ұстап қала ала ма? Көшбасшы партия бола ала ма? Оны болашақ көрсетеді. Өзгере ала ма, Жаңа Қазақстанға лайықты бола ала ма, халық қолдайтындай ұран тастай ала ма? Бәрі соған байланысты.

Осы съезде Президент бюрократиядан құтылу керектігін айтты. Партияда бюрократия белең алып кеткен еді, шынымен. Кезінде Ресей Федерациясының Премьер-Министрі болған Виктор Черномырдин деген саясаткердің айтқан сөзі бар. «Ресейде қандай партия құрсаң да, КПСС болып шығады» деген сөзі тараған. Бізде де соған жақындап қалған кез болды. Бюрократия тым көбейіп кетті. Олай болмауы керек. Бағдарламаны жоғарыдан құрмайды. Елдің ішіндегі ой-пікірден бағдарлама туындайды. Соны орындауға қауқарлы Үкімет құрылуы керек. Әр партия соған лайық болуға тырысуы керек», - деді Ерлан Сыдықов.