ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің келісімдерімен, облыс әкімінің өкімімен Ерлан Виленұлы Тоқсанов Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ерлан Тоқсанов 1966 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Білімі жоғары. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын педиатрия және Алматы менеджмент университетін іскерлік әкімшілік магистрі мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы облыстық балалар ауруханасында интернатурадан бастаған.
Әр жылдары облыстық балалар ауруханасының реаниматолог-дәрігері, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі, Бәйтерек ауданы Дариян аудандық ауруханасының бас дәрігері, облыстық клиникалық ауруханасының директоры, облыстық онкологиялық диспансердің директоры болды.
Күні бүгінге дейін көпбейінді балалар ауруханасының директоры қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, Есентай Қалиевтің Орал қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).