Ерлан Ыдырысов Еуроодақ штаб-пәтеріне барады

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдығына орай, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 29-30 қаңтар күндері Еуроодақ штаб-пәтеріне сапармен барады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Үсенов айтты.

«Сапар барысында Ерлан Ыдырысов Еуропалық Комиссияның Төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен, Еуропалық Парламент Төрағасының орынбасары Отмар Караспен, Еуропалық Парламент Орталық Азия бойынша Делегациясының Басшысы Паоло Бартолоццимен, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Патриция Флормен кездеседі. Сонымен қатар, Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысы Tурбьёрн Ягландпен кездесіп, НАТО Бас Хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен келіссөздер өткізеді деп жоспарлануда»,-деді ол.

Атап айтқанда, Қазақстан - ЕО форматында өзара іс-қимыл, еуроатлантикалық кеңістіктегі жағдай, Қазақстан - НАТО шеңберіндегі серіктестік, Қазақстан мен Еуроодақтың Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы және Еуропа Кеңесі халықаралық ұйымдары шеңберіндегі ынтымақтастық келіссөздердің негізгі тақырыптары болмақ.

Кездесулер аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаппай қырып жою қарулардың таратылуын тежеу, халықаралық лаңкестік пен қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ, Ауғанстан және Иран мәселелері бойынша пікіралмасатын болады.