«Ерлік сабақтарын» өткізу үшін үгіт пойызы сапарға аттанды

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше «Алматы-2» стансысынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы мерекесіне арналған үгіт пойызы елді мекендерді аралауға аттанып кетті.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, үгіт пойызын шығарып салудың салтанатты рәсіміне Қазақстан армиясының әскери қызметшілері, десантшы-жауынгерлер, әскери оқу орындарының курсанттары, сондай-ақ алматылықтар мен қалада оқитын студенттер, мектеп оқушылары қатысты.

ҚР ҚК Құрлық әскерлері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов салтанатты митингіде сөз сөйлеп, оған қатысушылар мен сапарға аттанушыларды алдағы мерейлі мерекемен құттықтап, сәт сапар тіледі. Мұнан кейін полковник Аманкелді Ибраев жетекшілік ететін үгіт пойызының жеке құрамы оркестрдің әуенімен жолға шықты.

Темір жол бойымен үгітшілер Отар, Шымкент, Тараз, Сарышаған, Қарағанды, Тараз, Семей, Өскемен, Аягөз, Сарыөзек, Қапшағай қалаларын аралап, ең соңында Алматыға қайтып оралады.

Үгіт пойызының 25 күндік жұмысы барысында елді мекендердегі халықпен кездесулер өткізу, Қазақстан армиясының ардагерлеріне құрмет көрсету, ҚР ҚМ Орталық ансамблінің шығармашылық ұжымының және Қарулы Күштер түрлерінің концерттік бағдарламасын елге таныту, сондай-ақ  мектептерде, колледждерде, оқу орындарында «Ерлік сабақтарын» өткізу жоспарланған.