Ерлік Сертай: Командалық рух — жеңісіміздің басты сыры

НАГОЯ. KAZINFORM — Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы тағыда тарихи нәтиже тіркеді. Отандастарымыз бүгін Жапониядағы жазғы Азия ойындарында шпагадан командалық бәсекеде топ жарды. Жарыстан кейін, команда мүшесі Ерлік Сертай Kazinform тілшісіне аз-кем сұхбат беріп, жарысты қортындылады.

Фото: Владислав Семенов/ҚР ҰОК

Қазақстандық спортшы ақтық бәсеке өте шиеленісті өткенін айтты.

— Бапкердің тактикасы бойынша қарсыластан бір-екі ұпай алға озып, қорғаныста боламыз деп жоспарланған еді. Алайда кореялықтар бірден шабуылдап, алға кетіп қалды. Барлығымыз есепті қуып жету керек екенін жақсы түсіндік. Сол себепті тактикада өзгерістер болды. Соңғы үш раундта командамыз нәтижелі ойын көрсетті, — деді ол.

Ерлік Сартайдың айтуынша, осындай тарихи жеңістің артында үздіксіз еңбек және командалық ынтымақ жатыр.

Фото: Владислав Семенов/ҚР ҰОК

— Біз жеңіс үшін әрқашан алға ұмтыламыз және сол үшін үздіксіз еңбек етіп, жаттығу жасаймыз. Жарыс барысында командаластарымның қолдауы ерекше болды. Біз әр қашан бір-бірімізді жалғыз қалдырмаймыз. Меніңше, командалық рух — біздің жеңіске жетуіміздің басты сыры, — деді спортшы.

Қазақстандық семсерлесуші бас қарсыластары туралы пікір білдірді.

— Қазіргі уақытта әлемдік рейтингіде үшінші орында келе жатырмыз. Бүгін біз Оңтүстік Кореяны жеңдік, олардан бір ұпайға ғана мықты болдық. Сол себепті бұл спортта оңай қарсылас жоқ, бәсеке әр қашанда өте жоғары деңгейде. Арқаны кеңге салуға болмайды. Әрбір жарыс, әр жеңіс маңызды, — деп атап өтті спортшы.

Ерлік Сартай алдағы негізгі жоспар Олимпиадаға дайындық екенін айтты. Сонымен қатар ол бапкердің еңбегін айрықша жоғары бағалады.

— Алда Олимпиада ойындарына дайындық басталады. Жаттығуда өзімізді жақсылап дайындап, деңгейді көтеруге мән береміз. Олимпиадаға күшті болып баруымыз керек. Осы жолда бапкеріміз Александр Горбачук команданың жетістігіне үлкен үлес қосты. Жаттығудағы тактикалар біздің техникалық деңгейіміздің көтерілуіне септігін тигізді, — деді спортшы.

Еске сала кетейік, семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстан құрамасы маусым айында Үндістанның Дели қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды.

Одан кейін отандастарымыз Гонконг қаласында өткен Әлем чемпионатында тағы топ жарып, тарихи нәтиже тіркеді.