Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» кітабының тұсаукесері өтті

АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың тұсаукесеріне Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікеліні, Қалижан Бекхожиннің зайыбы Зайда Жанайқызы, Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергенова және тағы да басқа кітаптың басты кейіпкерлері болған тұлғалардың туған-туыстары мен жұбайлары, сондай-ақ, елімізге танымал ақын-жазушылар, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

«Бұл кітап қазақ руханиятында ерекше орынға ие болары сөзсіз. Кітап ішіндегі жазбалар бірін-бірі қайталамайды. Бұл кітап кешегі 50-60-шы жылдары қазақ рухани әлемінде жарқ етіп көрінген алыптарымыздың өмірбаяндарынан нақты естеліктер береді. Кітап сонысымен құнды»,- деп атап өтті тұсаукесер барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филолоия, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Кітаптың шығуына мұрындық болған «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммедтің айтуынша: "Кітап Қалижан Бекхожин, Нұрғиса Тілендиев, Тәкен Әлімқұлов, Жарасқан Әбдіраш, Бексейіт Түлкиев сияқты қазақтың бірнеше көрнекті ақын-жазушылары мен әнші-сазгерлерінің, суретшілер мен спорт шеберлерінің сондай-ақ, өнер қайраткерлерінің артында қалған аяулы жарлары өздерінің өмірлік серігі болған жұбайлары туралы сыр шертуімен ерекше. Бізге бұл туынды сол аға буынның артықшылығын, жақсы қасиеттерін баяндайды",-деді.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай «Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл жинақта қаламгердің 2004-2011 жылдар аралығында «Айқын» газетінде «Аққудың сыңары», «Жақсының көзі» айдарлары бойынша жарық көрген сыр-сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған.