«Заңсыз қадамдарға бармау керек. Жаңалықтардан үйлер өртеніп, құлап жатқанын көрдік. Тоқтау керек. Осы елдің дамуына халқымыздың әр азаматы өзінше үлес қосып, ел болып отырмыз. Дүнгендерді жақсы білемін. Еңбекқор, егінмен айналысатын азаматтар. Олар да - Қазақстан азаматы. Асыра сілтеп, артық қимылға барудың керегі жоқ. Сабыр сақтаңыздар. Қазір Өскеменде жүрмін. Алматыға қайтқаннан кейін Қордай жаққа барып, көпті сабырға шақырғым келеді», - дейді Ермахан Ыбырайымов.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.