Ермегияевтен Есполовқа дейін: ЭКСПО ісіндегі құпия қашан ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – 5 эпизод пен 500 томнан тұратын ЭКСПО ісі әлі ел есінде. Ұлттық компанияның бюджетiнен қомақты қаржы ұрланды, ал бұрынғы басшы Талғат Ермегияев 14 жылға сотталды. Дегенмен, ол жақында аппеляцияға жүгінді. Енді қоғам алдында сұрақ туындайды. Ермегияев әділетсіз үкімнің құрбаны ма, әлде ірі көлемде пара алған тойымсыз шенеунік пе? Jibek Joly арнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасы осы шиеленісті тарқатуды жалғастырды.
Миллиондар мен «жоғарыдан берілген тапсырма»
Істің келесі эпизоды шартты түрде «инженерлік желілерді шығару» деп аталады. Қарапайым атаудың артында бюджеттен бөлінген 950 миллион, оның ішінде 350 миллион теңге көлеміндегі айлакерлік схема жатыр. Бұл қаражат «SOUTHFORK ltd.» серіктестігінің басшысы Сейіт Сейітов арқылы «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-төрағасына жеткен.
2014 жылдың маусымында ЭКСПО павильондарын салу кезінде «Мега-Плаза» көрме павильонының астынан өтетін су құбыры мен кәріз желілерін көшіру қажет болды. Нысан Астанадағы Қабанбай батыр, Рысқұлов, Орынбор және Хусейн бен Талал көшелерімен шектелген аумақта орналасқан.
2014 жылдың шілдесінде Талғат Ермегияев «SOUTHFORK ltd.» ЖШС-мен ынтымақтастықты жалғастыру туралы шешім қабылдайды. Елорданың «Керуен» сауда орталығында орналасқан «Marrone Rosso» кафесінде Сейіт Сейітов пен Ермегияевтің сенімді өкілі кездесті. Бір шыныаяқ кофе үстінде мәміленің барлық шарттары талқыланып, кейін тергеу хаттамаларында кездесу «қылмыстық сөз байласу» деп аталған.
Одан кейін іске бұрыннан таныс кеңесші Қажымұрат Үсенов араласты. Ол процесті бақылап, жұмыс көлемі қолдан ұлғайтылған актілерге қол қойды. Соның нәтижесінде «Астана ЭКСПО» қаржысы «SOUTHFORK ltd.» ЖШС-нің шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұлттық компанияның бұрынғы басшысының қалтасына түскен.
Сейіт Сейітов сотта су және кәріз желілерін шығару бойынша жұмыстарды «Southfork ltd.» компаниясына беру туралы шешімнің Талғат Ермегияев тарапынан, дәл Үсеновтің ұсынысымен қабылданғанын растады.
– Басынан аяғына дейін мәселені өзі бақылап отырды. Тапсырыс берушінің шығындары ретінде Үсеновтің өзі 50 миллион теңгені қосты, өйткені бұл шығындарды есепке алмаған едім. Ал жұмыстар аяқталған кезде тексеріс басталатыны және актілерге қол қоюды тоқтату керектігі айтылды, – деді Сейіт Сейітов.
Қажымұрат Үсенов мұны жоққа шығарады. Оның нұсқасы бойынша, инженерлік желілер екі павильон аумағында дұрыс жүргізілмегендіктен ауыстыруды қажет еткен. Қалалық бюджеттен қаржы бөлінбегендіктен, ол бұл жағдайды ЭКСПО басшысына жеткізеді.
Ермегияев өз кезегінде су құбыры мен кәріз желілерін шығару жұмыстарын Сейіт Сейітовтің компаниясына беруді талап еткен.
Тендерлік құжаттардың қолдан жасалғанын сотта «Астана ЭКСПО» компаниясының бұрынғы менеджері Эльмира Садықова да растады. Оның айтуынша, оны жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, тендерде «Southfork ltd.» компаниясын жеңімпаз деп жариялатқан.
– Мен «неге дәл осы компания?» деп сұрадым. Ермегияев мұны олардың тиянақтылығымен байланыстырды, – деді Үсенов.
Үсенов желілерді шығару жұмыстарының бастапқы құнын Сейітов 600 миллион теңгеге бағалағанын, кейін бұл сома 300 миллионға артқанын айтты. Оның айтуынша, SOUTHFORK ltd. басшысы мұны «жоғарыдан берілген тапсырма» деп түсіндірген.
Кейінірек Сейітов Ермегияевқа бөлінген ақшаның қалай жұмсалғанын егжей-тегжейлі баяндаған.
Атап айтқанда, 2014 жылғы 1 тамызда 106 миллион 500 мың теңге аударылған, 8 тамызда 100 миллион 900 мың теңге, ал 24 тамызда 60 миллион теңге қолма-қол ақша түрінде берілген.
Бұдан бөлек, «SOUTHFORK» компаниясы Ермегияевтің тапсырмасымен Телман кентінде коттедж салу жұмыстарын жалғастырған. Бұрын төленген 84 миллион теңгеге қосымша тағы 132 миллион 890 мың теңге түскен.
Сонымен қатар 2014 жылы Кеген ауылында аңшылық үй салуға 145 миллион 300 мың теңгеге тапсырыс алынған. Сол жылы Астанадағы пәтерге 21 миллион 400 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мердігер тапсырыс берушіге деген «алғысы» ретінде Қараөткел кентіндегі коттеджді жалға алу ақысын да төлеп отырған. Аталған коттедждің Ермегияев демалатын бөлігіне қайта жөндеу жүргізіліп, бұл жұмыстар 15 миллион 970 мың теңгеге түскен.
2015 жылғы 21 тамызда жасалған сот-құрылыс сараптамасының қорытындысына сәйкес, іс жүзінде орындалмаған, бірақ орындалды деп актілерге енгізіліп, «Астана ЭКСПО» тарапынан төленген жұмыстардың құны 366 миллион 612 мың 174 теңгені құрады.
3 млрд тұратын жабдық неге жерде көмулі?
ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы болашақтың жасыл энергиясы болғандықтан, жоба аясында геотермалдық жабдыққа ерекше мән берілген.
– ЭКСПО аумағында асфальт төселген жер бар. Сол аумақта 3 млрд теңге жұмсалған бірегей геотермалдық жабдық орналасқан. Егер қазір бұл бағытта қылмыстық іс тіркелсе, сарапшыларды сол жерге жіберу жеткілікті. Жерді бұрғыласа, сол жерде Талғат Ермегияев ұрлады деп көрсетілген жабдық жатыр, – дейді Ермегияевтің адвокаты Анар Құсайынова.
Мұны тағы бір қорғаушы Алла Котлова растап отыр.
– Геотермалдық жабдық сатып алынған, ақысы төленген және ол іс жүзінде орнатылған. Оны тек іске қосу ғана қажет еді. Бірақ процесс тоқтатылады. Төлем соңына дейін жүргізілмеген, мәселе сол күйі жабылған, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, геотермалдық энергия арқылы жылыту жыл сайынғы шығынды 4-5 есе азайтуға мүмкіндік береді.
Осыны ескере отырып, ұйымдастырушылар орталық кеңсені жер энергиясы арқылы жылыту туралы шешім қабылдаған. Ол дәстүрлі жылу көздерінің орнына жердің жылуын пайдалану арқылы ғимаратты жылытуы тиіс болған.
Алайда белгісіз себептермен жобадан бас тартылып, геотермалдық жүйе асфальттың астына көмілген. Қазір ол жерде қарапайым автотұрақ тұр.
– Бізде болашақ энергиясынан тек шамдар қалған. Көрменің мәні жоқ, – дейді Алла Котлова.
Құрылыстың артындағы қитұрқылық
Талғат Ермегияев ісіндегі төртінші эпизодта Халықаралық көрме нысандарының құрылысы қаралды. Атап айтқанда, қойма ғимараттарын, жерасты автотұрақтарын және «Астана ЭКСПО» кеңсесін салу қажет болған. Бұл жұмыстарды орындау үшін «АДС компаниясы» тартылады.
2014 жылы компанияның құрылтайшысы Алпысбек Тілекметов жалпы құны 24 миллиард теңгеге бағаланған құрылыс жұмыстарын бастайды.
– Маған қағазға 18% деп жазып берді. Бұл – олардың алатын үлесі. Екі күннен кейін қайта қоңырау шалып, басшылыққа кіруімді сұрады. Мен кіргенде тағы да қағазда 18 саны көрсетілді, – деді Тілекметов сотта.
Алайда келесі күні құрылтайшы сөзінен тайқып, оны есте сақтау қабілетінің әлсіреуімен түсіндірді.
Жалпы, қаражатты қолма-қолға айналдырумен және ұлттық компания басшылығына жеткізумен «АДС компаниясының» президенті Марс Шорманов айналысқаны белгілі болып отыр. Тергеу деректері бойынша, барлығы 2 миллиард 400 миллион теңге берілген.
Бұл ретте Тілекметов бухгалтерлік есепті әдейі бұрмалағанын мойындады. Оның айтуынша, тексеріс алдында бухгалтерия «1С-Бухгалтериядағы» кемшіліктерді толтыруға мәжбүр болған, сол арқылы Ермегияевқа берілген ақша «іздері» жабылған.
Ол компанияға сеніп тапсырылған басқа нысандардың құрылысына қаражат аудару арқылы «қалдықтарды» жабуға мәжбүр болған. Мәселен, ұлттық компанияның шамамен 1 миллиард теңгесі Өскемен қаласындағы Қазақ драма театрының құрылысына бағытталған.
– Драма театры мен басқа да нысандарды алатын болсақ, ол – қағаз жүзіндегі сандар. Біз ол объектілерге шын мәнінде қыруар қаржы жұмсаған жоқпыз. Мәселе мынада, егер пара берілсе, жұмыстардың сипаттамасы осылай өзгертіліп жазылады, – деді Тілекметов сотта.
Соңында «АДС компаниясының» президенті Марс Шорманов «аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бабы бойынша айыпталды. Ол ЭКСПО нысандарының құрылысына бөлінген бюджет қаражатының бір бөлігін басқа мақсаттарға жұмсаған.
Атап айтқанда, ақша Алматыдағы компания кеңсесін салуға кеткен, бұл үшін шамамен 130 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар Тілекметовтің 88 миллион теңгені құрайтын несиесі ЭКСПО қаражаты арқылы жабылған.
Сот материалдарына сәйкес, 2014 жылғы шілдеден 2015 жылғы мамырға дейін ұлттық компанияға келтірілген материалдық шығын 7 миллиард 789 миллион 668 мың 074 теңгені құрайды.
Испан компаниясы мен Эксподағы 11 келісім
Талғат Ермегияев ісіндегі бесінші эпизод шартты түрде «испан компаниясы» деп аталады.
Ермегияевтің адвокатының айтуынша, аталған компаниямен 11 келісімшарт жасалған.
– Қазақстанның көрмені өткізу құқығын алу үшін халықаралық деңгейдегі арнайы құжат – тіркеу досьесі дайындалуы тиіс болатын. Әр ел өз мүмкіндігін дәлелдеу үшін оны ұсынады. Досье дайындалғаннан кейін халықаралық комиссия жиналып, көрмені қай ел өткізетінін және оның тақырыбын бекітеді. Осы жұмыстарды испандық Consultores de Ferias компаниясы атқарған, – деді Алла Котлова.
2013 жылдың қаңтарында ЭКСПО-ның бұрынғы басшысы Валерий Синмен танысады. Ол – көрмені ұйымдастыру, Халықаралық көрмелер бюросымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қазақстандық делегацияның қатысуын ұйымдастыру және ЭКСПО-ны ілгерілету ісімен айналысқан компанияның сенімді өкілі.
Бұл жұмыстарды қаржыландыру «Қазақстандық тауарларды экспорттау бағдарламасы» арқылы жүзеге асты. Ермегияев өзінің орынбасары Әлішер Пірметовпен және испан компаниясының өкілдерімен бірге көрмені ілгерілету қызметтерін сатып алу бойынша келісімшарттың жасалуын ұйымдастырды.
Алайда бұл жерде де жұмыстардың құны әдейі көбейтіліп, заңсыз түрде қосымша 1 миллиард 527 миллион 588 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 137 миллион 370 мың теңге Астанадағы жер телімін сатып алуға жұмсалып, жымқырылған. Сонымен қатар испан компаниясының есепшоттарынан 797 миллион 356 мың теңге жалған фирмалардың шоттарына аударылған. Жалпы, 2013 жылғы маусымнан 2015 жылғы мамырға дейінгі кезеңде 669 миллион 150 мың теңге жеке қажеттіліктерге пайдаланылған.
Бұған қоса 2014 жылғы наурызда Астанаға Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Винсенте Лоссерталес келді. Ол сапары барысында Серік Ахметов, Нұрлан Қаппаров, Иманғали Тасмағамбетов және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездескен. Жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыру міндеті бұрын таныс болған «Rivc ltd» директоры Валерий Синге берілді. Ол іс-шараға қажетті шығындарды жабу үшін Қуаныш Медеуовке «Rona LTD» компаниясымен келісімшарт жасауын тапсырады. Осы арқылы испан компаниясының есепшотына 75 миллион теңге түсті.
Қуаныш Медеуов кейінірек тергеуде келісімшартты дұрыс түсінбегенін айтты. Дегенмен, маңыздысы – жоғары деңгейдегі қонақ Лоссерталес Астана сапарынан риза болып кеткен. Ол Қазақстанға 11-13 наурыз аралығында келген және қыруар шығын жайлы хабары болмауы мүмкін.
ЭКСПО алдында Пугачеваның немересі зардап шеккен
ЭКСПО ісінің тағы бір қызықты эпизоды «МУЗ-ТВ» сыйлығының «Гравитация» шарасымен тікелей байланысты. Оның мақсаты – халықаралық көрмені ілгерілету еді.
Бастапқыда «Астана ЭКСПО – 2017» компаниясының маркетинг департаменті шараны өткізуге қарсы болған, себебі тиімсіз санаған. Дегенмен, басшылық өз шешімінде қалады.
Осылайша, 2015 жылы 5 маусымда шара өтеді. Алайда сол күні елорданы күшті дауыл мен жаңбыр басып, «Астана Арена» стадионында өнер көрсеткен әртістер мен көрермендер су астында қалады.
Соның ішінде көп зардап шеккендердің бірі – танымал әнші Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков. Ол жанкүйерлермен селфи жасап тұрған кезінде жарнамалық конструкция құлаған. Өнер иесі оны қолымен ұстап қалуға тырысқан, бірақ емханадан бір-ақ шыққан.
Нәтижесінде «МУЗ-ТВ» сыйлығының беделі айтарлықтай төмен түседі. Оны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы құтқармаған.
Есполовтың тергеуі нені өзгертуі мүмкін?
Мемлекеттік айыптаушы Әлібек Айтжанов соттағы дәлелдер айыпталушылардың кінәсін анық көрсететінін айтты.
– Біз сот алдында қылмыс оқиғаларын және дәлелдерді талдадық. Олар айыпталушылардың кінәсін ашық көрсетеді, – деді Айтжанов.
Нәтижесінде құқық бұзушылықты 2016 жылы мойындаған «Астана ЭКСПО» құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов 2 жылға сотталып, 2017 жылы сәуірде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылықпен босатылды. «Southfork ltd» ЖШС-нің атқарушы директоры Сейіт Сейітов 5 жылды арқалады.
«АДС компаниясының» құрылтайшысы Алпысбек Тілекметов 2 жыл 6 айға сотталып, мүлкі тәркіленді және оған мемлекеттік және коммерциялық органдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Мұндай жазаны «АДС компаниясының» президенті Марс Шорманов та алды.
Ал Талғат Ермегияевтің орынбасары Мұрат Омаров 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді, сондай-ақ оған өмір бойына материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметтер атқаруға тыйым салынды. Ол өткен жылы босатылды.
– Барлық куәгерлер мен айыпталушыларға қысым жасалды. Айыпталушылардың жартысы сотпен келісімге барып, жазасын жеңілдетуді таңдады, – деді «Астана ЭКСПО – 2017» АҚ басқарма төрағасының экс-орынбасары Мұрат Омаров.
Алайда ЭКСПО ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев «қасарысып отыр». Ол кінәмен келіспейді.
– Барлығы 14 жыл берілген. Пара алу фактісі тіпті дәлелденбеген, – дейді Ермегияевтің адвокаты Алла Котлова.
Қорғаушы Анар Құсайынова да осындай пікірде.
– Мұндай дәлелдер жоқ. Бірақ сол кездегі «белгісіз тұлғаның» бір жыл ішінде ақша алып отырғаны туралы фактілер бар. Бірақ кейін оның, Есполовтың есімі қылмыстық істен алынып тасталады, – дейді адвокат.
Депутат және қоғам қайраткері Ермұрат Бапи де іске араласты.
– ЭКСПО-ның бұрынғы атқарушы директоры Мұрат Омаровтың сұхбатын көрдім. Ол бәрін ашық айтып берді. «Біз осы адамға ақшаны қабат-қабат тасыдық» деді. Кейін осы сұхбатқа байланысты сұрақтар туындап, Мұрат Омаровпен және оның адвокаттарымен сөйлестім. Сол кезде түсіндім. 10 миллиардты ЭКСПО басшысы емес, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар адам алған, – деді депутат.
ЭКСПО ісі 11 жылға созылып отыр. Сот үкімдері шыққанмен, істі толықтай жабылды деу ерте. Себебі қараша айында ел «белгісіз адам» деп келген, 2016 жылы жазадан құтылған Айдос Есполовтың тұтқындалғаны хабарланды. Ол – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі деп айтылатын Әсел Құрманбаеваның ағасы болып шықты.
Демек, Есполовтың тұтқындалуы істі жаңа бағытқа бұруы мүмкін. Ал оның Талғат Ермегияевтің тағдырын қалай өзгертетіні белгісіз. Сұрақ көп, жауап уақыт еншісінде...