Ермегияевтің қорғаушылары апелляциялық соттың шешіміне қарсы қайта шағым түсірмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Талғат Ермегияевтің қорғаушылары апелляциялық соттың шешіміне қатысты қайта шағым түсірмек.

Айта кетейік, бүгін, 11 тамызда Астанада Талғат Ермегияевтің және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының өзге де фигуранттарының ісі бойынша аппеляциялық сот алқасының шешімі шықты.

Астана қаласының Қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасы Талғат Ермегияевке қатысты 9 маусымдағы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Өз кезегінде Т. Ермегияевтің қорғаушысы Анна Котлова тілшілерге берген сұxбатында бұл шешіммен келіспейтіндіктерін және оған қарсы шағым түсіретіндіктерін мәлім етті.

"Біздің ойымызша, сот істің барлық қырларын ескерген жоқ. Біз бұл шешімге қарсы сотқа шағым түсіреміз", - деді ол.

Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 9 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сонымен қатар оған материалдық жауапкершілігі жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуге өмір бойына тыйым салынып және "Парасат" ордені қайтарып алынған еді.