Ермек Маржықпаев көпбалалы аналар мен қыз-келіншектерді марапаттады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай бір топ ақмолалық көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын табыс етті.

Сондай-ақ, әр салада еңбек етіп жүрген аналар мен қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халқымызда «Ана бір қолымен бесіктегі сәбиін, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашан да тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да, асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың орны ерекше», – деді облыстық әкімдікте көпбалалы аналармен кездескен аймақ басшысы Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде.

Шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған бір топ көп балалы аналарға ерекше ілтипат көрсетілді.

Өз кезегіне аналардың атынан сөз сөйлеген көкшетаулық көпбалалы ана, еліміздің білім саласының үздігі Ольга Мырзагельдинова осындай құрмет көрсетіп отырған облыс басшылығына аналық алғысын білдірді.

Қазіргі таңда Ақмола облысында 7 мыңнан астам көпбалалы ана тұрып жатыр. Олардың 2384-і «Алтын алқа», 3 660-ы «Күміс алқа» иегерлері.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Көкшетаудағы қарттар мен мүгедектер үйіндегі аналарды, «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әйелдер ұжымын және Сарыарқа шағын ауданындағы №2 маманданырылған өрт сөндіру бөлімінде облыстық ТЖД мен ПД қызмет істеп жүрген қыз-келіншектерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, сый-сяпат жасады.

Бұдан бөлек, Көкшетау қаласындағы Васильковка шағын ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Мазурованы да үйіне барып, құттықтады.