Ермек Маржықпаев: қызметкерлерінің жемқорлығы үшін басшылары жауапқа тартылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен селекторлы режимде әкімдік мәжілісі өтіп, онда қол астындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Аймақ басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойды. Заңның қабылдануымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңі басталады. Алғаш рет басшылардың бағыныштыларға жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген. Бұл норма Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша заңға енгізілген.

«Тұңғыш рет басшылардың бағынышты қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген. Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер олардың тікелей қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға шығуға сұрануы керек. Бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті.

Ал саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Кеңес соңында облыс әкімі Мемлекеттік органдардың барлық басшыларына, әсіресе төтенше жағдай режимінде олардың жеке жауапкершілігі туралы ескертті.

Айта кету керек, бюджет қаражатын мақсатты жұмсауға, еңбек ұжымдарындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға, сондай-ақ парасаттылық қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударылды.