Ермекбаев Қазақстанның Бас раввинімен діни бірлестіктер қызметін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 қыркүйекте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның Бас раввині Ешая Когенмен кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу аясында тараптар мемлекеттік-конфессиялық қатынастар мен діни бірлестіктердің қызметі туралы өзекті мәселелерді талқылады.

Іс-шара барысында министр қоғамдағы рухани құндылықтарды, бейбітшілік пен толеранттылықты қалыптастырудағы, сондай-ақ Қазақстандағы дінге сенушілердің өркендеуге, бірлік пен ынтымақтастыққа ұмтылысын қалыптастырудағы діннің рөлін атап өтті.  

Сондай-ақ, Н.Ермекбаев діни қатынастар субъектілерінің барлығы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын сақтауы маңызды екендігіне баса назар аударды.

Өз кезегінде Қазақстанның Бас раввині дәстүрлі дін қызметшілері мемлекетпен сындарлы сұхбат құруға әрдайым дайын екендігін жеткізді.