Ермұрат Бапи ЭКСПО ісін қайта көтеруді ұсынды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі бойынша сотталған азаматтардың мәселесін қайта қарап, жемқорлық фактілеріне шынайы кінәлілерді анықтауды сұрады. 

Депутат Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының экс-орынбасары болып жүріп сотталған Мұрат Омаровтың әлеуметтік желідегі сұхбатындай айтылған мәліметтердің негізінде істі қайта көтеру керектігін айтады. 

— Әділет ешқашан жартыкеш болмайды. «Әділетті Қазақстан» идеясын қалыптастыру үшін ақиқатты анықтайтын кез келді. Бұл сияқты «пара беру» және «жемқорлық» желеуімен қудаланған, ал анығында, кезіндегі жеке дара билік «қолынан жетектеп апарып соттатқан» тұлғалардың қатарында — арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі — Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты іс бар. Бас прокуратура бұларды да толық реаблитация жасауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептеймін, - деді Ермұрат Бапи.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің Энергетика министрлігін аукционнан тыс тікелей үкіметаралық келісімдер жасауға әуестеніп кетті деп сынағанын жазған едік.