Ермұрат Бәпидің пікірінше, заң үстемдігін қамтамасыз ету — тәртіпті сақтайтын, мәдениетті қоғам қалыптастырудың ең маңызды алғышарты.
— Заңды сақтап өмір сүретін ұрпақты тәрбиелеудің бұдан басқа жолын көріп тұрған жоқпын. Камералар орнату, айыппұл енгізу — мұның бәрі адамдарды жазалау үшін емес, қоғамда тәртіп сақтау мәдениетін қалыптастыру үшін жасалады. Тек ауызша тәртіпке шақыру жеткіліксіз. Мәдени мінез-құлық нақты тетіктер арқылы қалыптасады, — деді депутат.
Ермұрат Бәпидің айтуынша, өзі де заң талаптарын сақтауға ерекше мән береді.
— Соңғы бірнеше жылда жол қозғалысы ережесін бұзғаным үшін бірде-бір рет айыппұл төлеген жоқпын. Себебі заң талаптарын да, қоғамдық тәртіпті де бұзған жоқпын. Егер әр адам заңды сақтаса, бүкіл қоғам өзгереді, — деді ол.
Депутаттың пікірінше, бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Е. Бәпи қарапайым мысал келтіреді: заң бұзбасаңыз, айыппұл да төлемейсіз. Оның айтуынша, айыппұлдар заңға бағынатын азаматтарды қорғайды. Яғни құқық бұзушылық азайған сайын, жолдан өту кезінде немесе басқа да қоғамдық орындарда қауіп-қатер де азаяды.
— Әрине, сынның да орындысы, орынсызы болады. Әлеуметтік желілерде көбіне жағымсыз пікірлер таралады. Кейде мұндай пікірлер шынайы жағдайды көрсетуден гөрі, көпшіліктің назарын аудару немесе қоғамдық резонанс туғызу үшін әдейі әсіреленетіндей әсер қалдырады, — деді Ермұрат Бәпи.
Редакциядан қосарымыз, спикердің бұл пікірінде негіз бар. Өйткені әлеуметтік желілердің алгоритмдері пайдаланушыларға ең алдымен көп қаралым жинайтын жағымсыз контентті ұсынады. Бір ғана жағымсыз жарияланымға лайк бассаңыз, әлеуметтік желі сізге соған ұқсас теріс мазмұндағы материалдарды көбірек көрсете бастайды.