EY мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында неміс автоконцерндерінің табысы 2,9%-ға төмендеп, шамамен 284 млрд еуроны құраған.
Ал әлемдегі 19 ірі автокөлік компаниясының жиынтық табысы 3,6%-ға өсіп, шамамен 1,048 трлн еуроға жеткен. Жапониялық өндірушілердің табысы 7,9%-ға, Еуропаның басқа автоконцерндерінің кірісі 9,8%-ға, америкалық компаниялардың көрсеткіші 4,5%-ға, ал қытайлық өндірушілердің табысы 0,9%-ға артқан.
Осылайша, негізгі автокөлік өндіруші елдер арасында табыс өсімі бойынша неміс компаниялары соңғы орынға түскен.
Германияның үш ірі автоконцернінің жартыжылдықтағы жиынтық пайдасы 13 млрд еуродан асты. Бұл — 2017 жылдан бергі екінші ең төмен көрсеткіш. Автоөнеркәсіптің бұдан да төмен нәтиже көрсеткен кезеңі тек 2020 жылы, COVID-19 пандемиясы кезінде болған.
EY сарапшысы Константин Галлдың айтуынша, салаға еңбек ақысының, энергия тасымалдаушылардың және бюрократиялық шығындардың жоғарылығы қысым жасап отыр. Соның салдарынан Германияда автокөлік өндіру барған сайын тиімсіз бола түскен.
— Сондықтан неміс концерндері өндірісті тиімділігі жоғары аймақтарға көшіру арқылы тығырықтан шығудың жолын іздеп жатыр, — деді сарапшы.
Қытай нарығы неміс компаниялары үшін аса маңызды. Себебі қысқа мерзімде басқа өңірлердегі кірістің азаюын Қытай нарығынсыз өтеу өте қиын болады. Өткен жылы Volkswagen, Mercedes және BMW компанияларының әлемдік сатылымындағы Қытайдың үлесі 28,9%-дан 23,5%-ға дейін төмендеген.
Айта кетейік, Ресейде автокөлік өнеркәсібін дамытудың жаңа стратегиясы бекітілді.