АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында дзюдодан өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Ернұр Батырғали (60 келі) алғашқы алтын медалді қоржынға салды.
Отандасымыз ақтық сында әжікстандық Лоик Кудбудиновтан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Ал Мұхаммедәлі Жылқайдар (66 келі) финалда Ресей спортшысы Рахим Хамхоевке жол беріп, күміс жүлдеге ие болды.
Сол салмақ дәрежесінде Ролан Қайрғали канадалық Анечка Матиды жеңіп, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Осылайша, ұлттық құрама қоржынында төрт жүлде бар. Бұған дейін Арман Мыса (50 келі) қола жүлдені иеленген еді.
Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты 30 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа әлемнің 71 елінен 551 дзюдошы қатысып жатыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.