Ерсайын Нағаспаев Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда активіне өзінің жаңа орынбасары Ерсайын Нағаспаевты таныстырды.

Бұл туралы қала әкімінің ресми сайтында жазылды.

32 жастағы Ерсайын Нағаспаев жоғары білімді, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдады.

Мемлекеттік қызметті - 2001 жылдан бері. Еңбек жолын Теміртау қаласы әкімінің аппаратында бастады. ҚР Сыртқы істер, көлік және коммуникация министрліктерінде түрлі қызметтерді атқарды. Вице-премьердің кеңесшісі болды. «Ақтау халықаралық порты» РМК-да жұмыс істеді, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болды. Бұл тағайындауға дейін Шахтинск қаласының әкімі лауазымын атқарды.

Е.Нағаспаев Астана қаласы әкімінің орынбасары ретінде қаржылық және экономикалық, бюджеттік және салық саясаты мәселелерін қадағалайтын болады. Ол бұл қызметте ағымдағы жылдың 21 қаңтары күні ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы болып сайланған Ерлан Қожағапановты алмастырды.