Ертегі емес, болған жайт: Kazinform адамзат баласының ғарышқа алғашқы сапары жайында не жазды

Фото: Коллаж: Kazinform/ ТАСС/ facebook.com/baikonuradm/ wikipedia.org

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform 105 жылдық мерейтойына орай Ғарышкерлер күнінде агенттік таспасында адамзат баласының Ғаламшарға қалай қазақ жерінен жол тартқанын еске салып көруге тырысты.

Марста тіршілік бар ма?

Байқоңыр ғарыш айлағының маңында аты аңызға айналған ойшыл, қобызшы әрі жырау Қорқыт ата құрметіне арналған мемориалдық кешен орналасқан жер бар. Халық арасында ұлы дала данышпанының жер шарынан жанға жайлы, елге қолайлы орын іздеп, туған даласынан жерұйық тапқаны туралы аңыз бар. Дәл осы жерде ол аспан мен Алла Тағала арасындағы таңғажайып байланысты сезініп, «жер кіндігі» деп атаған. Кейінірек дала данышпанының жаңылыс баспағаны ақиқатқа айналды. Сол жерде объектілерді ғарыш орбитасына шығару үшін Жердің айналу жылдамдығын барынша тиімді пайдалануға оңтайлы нүкте табылды.

Осылайша, қазақ даласында елімізді әлемдік тарихқа таңбалаған, бүкіл адамзат баласына ғарышқа жол ашқан Байқоңыр пайда болды. Сол бір уақыт қызықты, романтикалық кезең еді. Жердің тартылыс күшінен тыс именшектене басқан алғашқы қадам шексіз құлшыныс тудырды. Заманауи прогресс жетістіктеріне малынған біздер үшін Айға тағы бір ұшу уақытша ғана қызығушылық тудырады. Сол заманда қарабайыр трактордың өзі техникалық зор жетістік саналса, ал ғарышты игеру туралы жаңалық – өмірде жүзеге асқан ертегідей арман-ды.

Ақпарат агенттігінің мұрағат материалдары дәуір рухын толығымен жеткізе алады. Адамдар ауыр жұмыс пен көріксіз тыныс-тіршілікке мойынсұнған еді. Бірақ олардың назары аспанға ауды. Бұл кеңестік атеистік дүниетаным мен Америка Құрама Штаттарымен текетіресте өте маңызды еді. КСРО таңдалған жолының дұрыстығын дәлелдеп, барлық жерде бірінші болғысы келді...

Кеңес одағы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңында баллистикалық зымырандардан бастап, 1957 жылы Жердің алғашқы жасанды жерсерігін ұшыруға қол жеткізді. Екі жылдан соң алғашқы адам қолынан шыққан нысан - ғаламшараралық станса «Луна‐2» Айдың бетіне жетті.

1959 жылы 15 қыркүйекте «Таңғажайып жеңіс» деген тақырыппен берілген материалда агенттік тілшісі Қазақ КСР Ғылым академиясының астроботаника секторының меңгерушісі Г.А.Тиховтың түсініктеме алыпты.

- Біз таңғажайып жеңістің тірі куәгерлеріміз. Ғарыш зымыранының ұшырылуын, оның Айдың бетіне дәл түсуін үлкен жұмыстың заңды нәтижесі деп санаймын... Әлемдік астронавтикаға қосқан бұл үлкен үлесті асыра бағалау өте қиын. Болған жайт менің бүкіл өмірімдегі арманым мен жасап жатқан жұмысымды жүзеге асыруға жақындатты. Ол - ғаламшарларда, атап айтқанда Марста өсімдік тіршілігінің болуын дәлелдеу, - деді ғалым.

«Айға ұшу енді арман емес, шындық» деп аталатын келесі бір материалда тілші бұл жаңалықты Теміртаудағы Қарағанды металлургия зауытының құрылысшылар ұжымы қалай қарсы алғаны туралы баяндайды.

- Ғасырлар бойы адамдар Айға ұшу туралы ертегілер мен аңыздарды тыңдап келді. Ал енді адамдар ғарышты бағындыра бастап, бүкіл әлемде теңдесі жоқ зымырандар жасады, - деді Қазақстан магниткасының ең қарт құрылысшысы, тас қалаушы Ө.Тұрмағамбетов.

Екінші Колумб және ұзақ қауышу

Бірақ адамзат баласы ғарышқа алғаш ұшқан дата – 1961 жылдың 12 сәуірінде шынымен де маңызды және тағдыршешті күн болдв. Юрий Гагарин ең батыл үміттердің нышанына айналды. Келесі күні кеңестік газеттердің барлық бас мақаласы «Восток-1» зымыранының сәтті ұшырылғанын хабарлады. Ал 15 сәуірде газеттер батырдың ғарыштан аман-есен оралуын егжей-тегжейлі сипаттап жазды.

Журналистер Мәскеудегі кездесудің әр сәтін жан-жақты сипаттап, жалпы мерекелік ахуалды жеткізіп отырды. Сол күні барлық жол «Внуково» аэродромына жетеледі. Мұнда «Восток» ғарыш кемесінің қону аймағынан журналистер «Ғарыш Колумбы» атаған ғарышкер ұшақпен келді. Оны КСРО басшысының өзі қарсы алды.

- Жиналғандар ұшақ есігінің ашылуын тағатсыздана күтті... Ол қызыл кілем үстімен нық қадам басып келе жатты...Трибунаға көтеріліп, баянат берді... Никита Сергеевич Хрущев қалпағын шешіп, ғарышкер батырды әкесіндей аймалап, оның бетінен сүйіп, ұзақ уақыт құшағынан шығармады, - деп сипаттады БАҚ кездесуді.

Халық таңғажайып көкжиекті көріп, рухтанды. Ақындар да шабыт алды. Олжас Сүлейменов өзінің даңқты «Адамға табын Жер енді» поэмасын жазды. Әр түрлі жастағы және кәсіптегі адамдар ғарышкердің фотосуреті бар ашықхат сатып алу үшін дүңгіршектердің жанына топталды.

Ақпарат агенттігі 1961 жылы 15 сәуірдегі «Ұжымшар ұлының ерлігі» атты материалында «Луч Востока» ауыл шаруашылығы артелінің ауыл еңбеккерлері осынау «таңғажайып жетістікті» қалай қарсы алғаны жайында баяндайды.

- Партия мен Үкімет кеңес адамдарын, бүкіл адамзатты адамның ғарышқа алғашқы ұшуымен шын жүректен құттықтады. Бұл кеңестік колхоз шаруаларының да еңбегі. Біздің ғалымдар, инженерлер, жұмысшылар адамзат баласына ғаламның тұңғиығына кең жол ашты. Енді міне, кеңшар шаруасының ұлы, жас коммунист Юрий Гагарин өлмес ерлік жасады, - деп бөліседі әсерімен сауыншы Ике Танабаева.

Тұңғыш қазақ ғарышкері

1991 жылы Қазақстан ғарышқа қадам басты. Еліміздің Тәуелсіздігін ресми жариялауға санаулы ғана апта қалған-ды. Мәскеудегі конституцияға қарсы сәтсіз төңкерістен кейін КСРО-ның ыдырауы жеделдей түсті.

Егер «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы айтар болсақ, Қазақстан 1991 жылғы 31 тамызда оны өзінің меншігі деп жариялады.

Сол жылдың екінші қазанында ғарышқа алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров аттанды. Сол күні, ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан астанасында 13 кеңестік республиканың президенттері, премьер-министрлері және басқа да жоғары басшылары негізгі – «Мұнан ары қалай өмір сүру керек?» деген сұрақты талқылау үшін жиналды. Кеңес басшылары өзара іс-қимылдың жаңа форматтың тамырын басып көруге тырысты және еліміз осы оқиғаны Байқоңырдан ғарышқа ұшу сәтімен орайластырды.

- Қазақстан астанасы мен Байқоңыр ғарыш айлағы ел тарихына республикалардың жаңа одағы – егемен мемлекеттердің экономикалық қоғамдастығының пайда болуының басты кезеңі ретінде енетіні сөзсіз, - деп хабарлады агенттік екі күндік келіссөздердің қорытындысы бойынша.

Дегенмен ғарышқа қайта оралсақ, қазан айында Тоқтар Әубәкіров мінген кеменің ғарышқа аттануы халықтар достығын, мемлекеттер қарым-қатынасындағы жаңа кезеңді бейнеледі. Халықаралық экипажға Қазақстан азаматынан басқа ресейлік Александр Волков және бірінші австриялық ғарышкер Франц Фибек кірді.

Ғарышқа сапар қорытындысы бойынша ғарышкерлердің қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Ақпарат агенттігі бұл жайында 1991 жылы 15 қазанда шыққан материалында сөз қозғайды.

Қазақ ғарышкері бағдарлама бойынша көзделген барлық ғылыми эксперимент орындалғанын атап өтті. Орындалған эксперименттердің кез келгені ұшуды ақтайтындығын және ғарыштық ұшулар ақшаны ысырап етететіндігі жайлы бос әңгімелерді тоқтататын кез келгенін баса айтты.

- Республикамыздың аумағынан біз әр таң сайын үш рет ұшып өтетінбіз. Бұл тек бақылау үшін ғана емес, сонымен қатар түсірілім үшін де ең қолайлы уақыт, Әрине, мен уақытты бос өткізген жоқпын: фотоаппаратпен де, камерамен де түсірілім жасадым. Бәріміздің көз алдымызда болған көрініс көңіл көншітпейді. Әсіресе, Арал үстіндегі құмды дауылды, құрғап қалған Сырдария мен Әмурдария өзендерін және басқа да экологиялық апат аудандарын көргенде, - деген ғарышкердің сөзін келтіреді ақпарат агенттігі.

Осылайша, еліміз өзінің ғарыш дәуірін бастады. Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Тоқтар Әубәкіров - алғаш рет басқа кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген.

Қазақтан шыққан екінші ғарышкер – Талғат Мұсабаев. Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Нәтижесінде ол Гиннесстің рекордтар кітабына енген, осы күнге дейін Талғат Мұсабаев сияқты ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген.

Қазақстанның үшінші ғарышкері - Айдын Айымбетов. Ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» және халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Халықаралық ғарыш станциясына барған ЭП-18 экспедиция мүшесі. Ғарышкер Жерге «Союз ТМА-16М» кемесінде оралды. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.

Айта кетерлігі, Қазақстан жыл соңында өз зымыранын ғарышқа ұшырмақ. Қазір ол үшін қаржы бөлініп, айлақ дайындалып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мәлім еткен еді.

– Қазір біз өзіміздің зымыран ұшыратын айлағымызды дайындап жатырмыз. Оған қаржы бөлінген. Үкімет бұл ұсынысты қолдады. Бұл – коммерциялық бағдарлама. Сол арқылы ұшыратын болсақ, болашақта біздің зымыранымызды пайдаланамын деген мемлекеттер көбейеді. Қазіргі таңда Африка елдері мен Моңғолия қызығушылық танытып отыр. Мемлекет басшысы әрбір мемлекетке барғанда, ғарыш саласын айтып жүреді. Францияға сапарында да ғарыш туралы сөйлесті. Ал Моңғолия аппараттарын кеңістікке алып шығуға тапсырыс беріп, келісімшартқа қол қойылды. Яғни, біз жыл соңына дейін өзіміздің отандық зымыран тасығышымызды шығарамыз және Қазақстан ғарыш саласында өзінің жаңа тарихын жазады деп ойлаймын, - дейді депутат.