Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бір қарағанда бұйра лалагүл ертегі гүліндей көрінеді.
— Күлтелері кейін қарай қайырылып, ерекше пішін түзетін бұйра лалагүл — Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек өсімдіктердің бірі. Бұл гүл табиғатта көзге жиі түсе бермейді. Ол таулы аймақтардың орманды және шалғынды бөліктерінде өсіп, жаз мезгілінде ерекше реңімен көз тартады, — дейді мамандар.
Бұйра лалагүлдің әсемдігі — тек сыртқы көрінісінде емес. Табиғи популяциясының сақталуы оның мекен ету ортасын қорғаумен тікелей байланысты. Сондықтан сирек гүлді көргенде ең дұрыс әрекет — үзбей, тамашалап қана өту.
Министрлік атап өткендей, Қызыл кітаптың әр парағы бізге бір қарапайым қағиданы еске салады: табиғаттағы ең әдемі дүниелер өз орнында қалғанда ғана құнды.
Бұдан бұрын Қазақстанда өсетін, сирек кездесетін қызғалдақтар туралы жазғанбыз.