Ертең 7 мыңға жуық астаналық жастарды әскер қатарына шығарып салады

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Ертең, 23 сәуірде Астанадағы Отан қорғаушылар алаңында әскер қатарына шақырылушыларды шығарып салу салтанаты өтеді, деп хабарлайды astana.kz сайты.

Әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу ҚР Қарулы Күштерінің имиджін көтеру бағыттында «Астана жастары және бірыңғай армия» акциясы аясында өтуде. Іс-шараға 7 мыңға тарта астаналық қатысады деп жоспарлануда.

Акция «Қалқан» арнайы жасағы взводының десанттық-шабуылдаушы бригадасының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аэроұтқырлар әскерінің және Қазақстан Республикасы Республикалық гвардия құрметті қарауылының дефиле ротасының өнер көрсетуімен аяқталады. Сонымен қатар іс-шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Ахметов пен ҚазҰӨУ әншісі Шыңғыс Расылханов «Туған елім», «Атамекен» әндерін орындайды .

Сондай-ақ, алаңда әскери техникалар мен атқыштар қаруы және әскери жасақ бөлімдерінің көрмелері ұйымдастырылады. Акцияға қатысушыларға «АК-74» атыс қаруын бұзып,қайта жинау машықтары көрсетіледі.