Ертең Әлем чемпионатының төртінші күні қазақ боксшылары шаршы алаңға шығады

None
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының төртінші күні қазақ боксшылары шаршы алаңға шығады.

Бүгінгі таңда барша Қазақстан жанкүйерлерінің назары - Алатау баурайында өтіп жатқан бокс додасында. Тартысты бәсекелерді «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде. Қазақстан боксшылары елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған әлемдік жарыстың алғашқы айналымынан босатылған болатын.

Енді 18 қазан күні екінші айналымда шаршы алаңға үш боксшы шығады. Атап айтқанда, 52 келі салмақ бойынша Ілияс Сүлейменов ертең жарыс жолын бастайтыны белгілі болды. Оның қарсыласы австралиялық боксшы Эндрю Молони болып отыр. Ол алғашқы айналымда Шри-Ланка боксшысынан басым түскен болатын.

Сондай-ақ 64 келі салмақ бойынша Мерей Ақшалов шотландиялық Джош Тэйлормен қолғап түйістіреді. Ол алғашқы айналымда Тринидад және Тобагодан келген жалғыз боксшыны еліне ертерек қайтарған еді.

91 келі салмақтағы Антон Пинчук те ертең шаршы алаңға шығып, өнерін паш етеді. Оның рингтегі қарсыласы венгриялық Имре Сцелло болып отыр. Ол жарыстың алғашқы күні Марокко боксшысын жеңген еді.

Айта кету керек, «Қазспорт» телеарнасындағы бокстан әлем чемпионатының көрсетілімдері ертең тікелей эфирде күндіз 13 сағат 50 минутта басталса, кешкі көрсетілімі 18 сағат 50 минутта басталады.

Ілияс Сүлейменов пен Мерей Ақшалов жарыстың күндізгі бөлімінде шаршы алаңға шықпақ. Ал Антон Пинчук әлемдік доданың кешкі бөлімінде ел намысын қорғайтын болады.