Ертең Алматы туралы әндердің байқауы өтеді

АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 10 қыркүйек күні қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті атындағы саябақта кешкісін «Алматым жүрегімде» атты Алматы туралы әндердің байқау - конкурсы өтеді.

Байқауда әділ-қазылар мүшелері Қазақстан эстарадасының жас әншілерінің орындауындағы Алматы туралы ең үздік 15 әнге қазылық жасайтын болады.

Бас жүлдеге "АВТОМОБИЛЬ" тігілген. Ал, 1-ші, 2-ші және 3-ші орын алған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталатын болады.

Әділ-қазылар құрамында атақты музыканттар, халық артистері, танымал продюсерлер, композиторлар мен белгілі журналистер бар.

"Қала күні қарсаңында елге танымал әншілердің, сондай-ақ өнердің табалдырығын енді ғана аттаған жас орындаушылардың, музыканттар мен әннің мәтінін жазушы ақындардың осы байқауға белсене қатысуы арқасында Алматы туралы жаңа әндер пайда бола бастады. Байқау жас дарынды композиторлар мен жас орындаушыларды анықтап, оларға қолдау көрсетуге, музыкантар мен ақындардың қарым- қабілетін ұштауға ықпал етуде",-дейді шараның ұйымдастырушылары.

Байқау соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасады.