Ертең Алматыда «Азияның рухы шекараны білмейді» атты футбол турнирі өтеді

АЛМАТЫ. 19 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ертең Алматыда тұңғыш рет футболдан 40 жастан асқан футболшылар арасында «Азияның рухы шекараны білмейді» атты турнир өтеді.

Аталмыш шараны ұйымдастырушылар - Қазақстан баспасөз клубының қолдауымен, Бүкіләлемдік түркі халықтарының конгресі (штабы - Нью-Йоркте) мен Қазақстанның журналистика Академиясы.

Жарысқа отандық футболдың аңыздары - бұрынғы қайратшылар, спорт шеберлері мен ардагерлері, әуесқой командалар, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, театр және кино актерлері қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Азия ойындарынан кейін, мұндай бастама халықтың патриоттық рухын одан әрі нығайтуға, салауатты өмір салты ұстанымына шақыруға ықпал етпек. Олардың пікірінше, шара алдағы уақытта дәстүрлі болмақ.

Турнир ЮНЕСКО көлемінде мойындалған ұлы тұлғаларға, еліміздің тарихи оқиғаларына арналып, «8 8» форматында өтетін болады. Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен және арнайы кубоктармен марапатталады.

Құрметті қонақ ретінде шараға ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов қатысатын болады.