Ертең Алматыда ҚазҰАУ студентінің өліміне қатысты сот отырысы басталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -14 маусым күні Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университеті студентінің өліміне қатысты алғашқы сот тыңдауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық режімде өтеді деп белгіленген істі судья Эльвира Нұғыманова қарайды.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуірде ҚазҰАУ жатақханасында болған еді.  Бірінші және екінші курста оқитын оннан астам студент жатақханада төбелесіп, салдарынан 17 жастағы Дидар Болысбек қаза болған еді.

Кейінірек полиция аталған оқу орнының 2-курсында оқитын 2 студентті ұстады.

Сот алдында олардың біреуі ғана -  Тойшыбек Асамов жауап береді. Оған ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі (адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру), ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі (күштеп мүлкін тартып алу) бойынша айып тағылып отыр.