Ертең Алматыда тұңғыш рет "Алтын ДИСКО фестивалі" өтеді

АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ертең , шілденің 31-і күні Алматыда тұңғыш рет Қазақстан бойынша ең ірі молл саналатын "Апорт" сауда ойын-сауық аумағында "Алтын ДИСКО фестивалі" өтеді. Бүгін Алматыға аталмыш шарада өнер көрсететін "C.C.Catch", "London Beat", "Bad Boys Blue", "Eruption" топ жұлдыздардың қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Топ жұлдыздары Алматыға бүгін ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Алтын ДИСКО» фестивалі 15 000 адамға арналған. Концертте есімдері аңызға айналған "C.C.Catch", "London Beat", "Ottawan", "Bad Boys Blue", "Eruption" топтары, Ресей жұлдызы Юрий Шатунов, Азиза, азиялық жұлдыздар "Ялла"тобы, Юлдуз Османова, сонымен қатар, еліміздің халық әртісі Роза Рымбаева қатысады деп күтілуде. Бұл шара диско дәуіріндегі жұлдыздардың басын біріктіретін үлкен оқиға, жылдың "алтын" кеші болмақ, дейді ұйымдастырушылар.

Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген "London Beat" тобының әншісі Джимми Хелмс: "Бұл біздің керемет Қазақстан еліне келіп отырған үшінші сапарымыз. Бізді Қазақстан халқы бізді өте жылы қабылдап, ыстық ықыласпен қарсы алады. Әр келуіміз бірінші рет келгендей, жақсы әсер қалдырады, жаңа адамдармен танысып, жаңа концерттік алаңдарда өнер көрсетеміз. Біз үшін жылдан-жылға даму, гүлдену үстіндегі Қазақстанның халқы қонақжайлылығымен ерекшеленеді. Бізге әсіресе, Қазақстан елінің таулары ұнайды. Алматы қаласы да өзгеріп кетіпті, жаңа ғимараттар мен "гүл кілемдері" қалаға сән беріп тұр", деді ол. Олар сонымен қатар, қазақстандық әншілермен қосылып бір ерекше ән жазып, жұмыс істегіміз келетінін айтты. "Өйткені, батыста музыканың бәрі шеңбер сияқты қайтадан қайталануда, сондықтан біз жаңа ән жазуды ойлап жүрміз. Біз жақында қазақстандық "Индига" тобымен бірге бір ән жаздық, сонымен қатар, біздің бір клипімізге қазақстандық қыз түсті. Екі ел арасындағы әріптестігіміз басталып та кетті деп ойлаймыз", деді "London Beat" тобының екінші әншісі Джимми Чемберс.

"London Beat" тобының әншілері жылдың аяғында жаңа әндерінің шығатынын жеткізіп, оған бейне ролик те түсіріліп жатқандығын хабардар етті.

"Bad Boys Blue" тобының әншісі Джон МакИнерни: "Ертеңгі кеште біздің бұрынғы әндер орындалатын болады. Біздің топтың құрамы осы жылдарға дейін бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Қазақстан елінен кейін, біз Польша, Германия елдерінде екі концерт береміз. Негізінен Ресей, Батыс елдерінде және аталған елдерде өнер көрсетеміз. Жақын арада біздің өнер көрсетіп жүргенімізге арналған "Бізге 25 жыл" атты жаңа альбомымыз шығады, оның ішіне жаңа өңдеудегі бұрынғы 32 әніміз кіретін болады. Қазақстан елінің ән сүйер қауымы бұл жинаққа қызығушылықтарын білдіреді деген сенімдеміз», деді ол.

Аталмыш топтың екінші әншісі Карлос Феррейра "Мен үшін Қазақстан елі өте ыстық. Өйткені, мен алғаш рет бұл топтың құрамына кірген кезімде бірінші рет сахнаға Қазақстан жерінде шықтым", деді.

Фестивальде өнер көрсететін топтар ертең бұрынғы әндерін жаңа өңдеуде орындайтын болады.