Ертең Алматыда VI қысқы республикалық Универсиада басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Алматыда VI қысқы республикалық Универсиада басталады, деп хабарлады www.24.kz.

Әр екі жыл сайын өткізілетін бұл шараның маңызы зор. Сондықтан да жарысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға артылатын жауапкершілік те жоғары. Алматыдағы «Сұңқар» спорт кешенінде VI республикалық қысқы Универсиадаға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. 500-ден аса студент жұмылдырылған екен. Қазір сәлден соң дайындық жұмыстарына осы жарыстың, яғни Универсиаданың символы - Ақ барыс та араласады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келген республикалық Универсиаданың жоғары деңгейде өтуі үшін ұйымдастырушылар бар күш жігерлерін салуда. Өйткені қыр астында Бүкіләлемдік XXVIII Универсиада тұр. Сондықтан жарыстың ашылуы мен жабылу салтанатына дейінгі іс-шаралар назардан тыс қалмаған.

«Біздің бұл жердегі ең басты нөміріміз деуге болады. Соңына таман осында өзіміздің жүргізуші трамплиннен шаңғымен секіреді. Өнерін көрсетеді. Бұл жерде біздің вокалистеріміз бен хореграфтарымыз да бар», - дейді ұйымдастыру алқасының мүшесі Әнуар Қадыров.

. Соңғы жылдары Бүкіләлемдік Универсиада ойындарында қазақ студенттері тамаша табыстарға қол жеткізді.2015-ші жылы Словакия мен Испанияда өткен қысқы ойындарда біздің құраманың 5 алтын 6 күміс медальмен командалық сында үздік үштіктен көрінуі осы сөзімізге дәлел. Қазақстан Білім және ғылым министрлігі болашақта да студенттердің спортын дамыту мақсатында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Республикалық Универсиада да үздік шыққандар келер жылғы Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысуға мүмкіндік алады.

Бұл жолы спорттың 10 түрінен сынға түсетін еліміздің 35 жоғарғы оқу орнынан келген 1000-нан аса үміткердің аянып қалмасы анық. Ертеңнен бастап Шымбұлақ пен Медеу, Сұңқар мен Талғар маңындағы «Алатау» спорт кешендеріне тартысты жарыс басталады.