Ел астанасына қазірдің өзінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Таканори Нагасе (Жапония), Рио-2016 жеңімпазы Рафаэла Сильва (Бразилия), Париж Олимпиадасының чемпионы Беатриз Соуза (Бразилия) және отандасымыз, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев және басқа да жұлдыздар келді. Бұл турнир — әлемдік дзюдо аренасындағы ең жоғары дәрежелі жарыстардың бірі.
— Ережеге сәйкес, жарысты қабылдаушы ел әр салмақта төрт спортшыға дейін қатыстыра алады. Бұл жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және IJF әлемдік рейтингінде маңызды ұпайлар еншілеуіне жол ашады, — делінген хабарламада.
Турнирге Елдос Сметов бұл жолы құрметті қонақ ретінде қатысады.
Жанкүйерлер қазақ спортындағы аңыз тұлғамен жүздесіп, естелікке суретке түсе алады.
Grand Slam жеңімпаздарына — 1000, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль иегеріне 500 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Олимпиада жолдамасына талас жолындағы шешуші мәнге ие.
Аталған жарыс — Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі әлем чемпионатына дейінгі соңғы ірі турнир. Ұлттық құраманың бапкерлері спортшылардың дайындығын осы сында нақты бағалай алады.
Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кіру — тегін.
Бұған дейін хабарланғандай, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы елордада ашық жаттығу өткізді.