Ертең Астанада қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы мәйітінің күлін жерлеу рәсімі өтеді

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең, 20 мамыр, қасиетті жұма күні, сағат 10-30-да Астрахань тас жолының бойындағы мұсылмандар зиратында қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы, қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі,

ұлттық театртанудағы алғашқы еңбектердің авторы Смағұл Сәдуақасұлы (1900-1933) мәйітінің күлін жерлеу рәсімі өтеді. Ұлт зиялыларының, Парламент депутаттарының қатысуымен митингі болады.

Туған Отанында мұсылмандық жерлеу рәсімімен мәңгілік жер қойнына тапсырылған Смағұл Сәдуақасұлының рухына бағышталып құран оқылады.

Айта кету керек, 2011 жылы 21 қаңтарда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, біздің даңқты жерлесіміз Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлі Мәскеудің Дон зиратханасынан Астанаға жеткізілген болатын. Ол Астана қаласындағы С.Ғылмани мешітінде уақытша сақтауға қойылды.