Ертең Астанада «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының жеңімпаздары марапатталады

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ертең Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2009 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған конкурстың басты мақсаты - өнердің сан-саласында тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-рухани келбетін ашып көрсету. Аталмыш конкурс ең үздік драмалық пьесалар; ең үздік опералық шығармалар; ең үздік балеттік шығармалар; ең үздік камералық музыка; ең үздік қазіргі заманғы әндер; ең үздік балалар әндері аттыалты аталым бойынша өткізілді. Министрліктің мәліметінше, «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы отандық авторлардың бұрын-соңды болмаған ерекше белсенділігін көрсеткен. Құрамында танымал өнер қайраткерлері бар сараптау комиссиялары өзінің қорытынды шешімін шығарып, жеңімпаздарды анықтаған. Олардың есімдері ертең белгілі болады.

«Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсының шеңберінде VI-Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер сайысының жеңімпаздары да марапатталатын болады. Былтыр 6-шы мәрте өткізілген конкурстың басты мақсаты - жас ұрпақты қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық шығармаларды тудыратын отандық авторларға қолдау көрсету, репертуарды патриоттық тақырыптағы жаңа музыкалық шығармалармен толықтыру, қазақстандық ән туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру.

Конкурс «Атамекен», «Аманат», «Ән сал, сарбаз!», «Елдің ері-Бауыржан» секілді төрт аталым бойынша өткізілді.