Ертең Білім және ғылым министрлігінде балабақшаларға қатысты проблемаларға орай кеңес өтеді

АСТАНА. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ертең Білім және ғылым министрлігінде балабақшаларға қатысты проблемаларға орай Елбасының тапсырмасын орындауға қатысты жеке кеңес өтеді.

Бұл жайында бүгін елордада өткен «Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер диалогы» атты 2-ші халықаралық форумда аталған ведомствоның басшысы Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, министрлік балабақша мәселесіне орай әкімдіктермен белсенді әрі тығыз жұмыс істеуде. Себебі қарашаның 13-інде өткен тікелей желі барысында  Елбасыға елімізде балабақшалардың жетіспеушілігіне және орын алған көптеген түйткілді жайттарға орай көптеген сауалдар келіп түскен болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін барлық мәліметтерді жинап, мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ тұрғын үйлердің 1-2-ші қабаттарында балабақшалар ашуды да қарастырып отырмыз. Осы орайда, Елбасының тікелей тапсырмасының арқасында, қысқа уақыттың ішінде көптеген облыстарда жыл аяғына дейін жылдық жоспардың орындалатындығын атап өткім келеді», деді Ж.Түймебаев.

 Ертеңгі кеңес барысында Астанадағы балабақшалардағы проблемалар қаралады.