Ертең Денис Тен Төрт құрлық чемпионатында өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері, Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен ертең 2018 жылғы алғашқы турниріне - Төрт құрлық чемпионатына қатысады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Қытай Тайпэйінде ерлер арасында өтіп жатқан турнирде 30 спортшы қысқа бағдарламасын ұсынады. Онда Қазақстан атынан Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев шығады.

Еске сала кетейік, Денис Тен былтыр тамыз айында Оңтүстік Кореядағы мұз шоуының қарсаңында ауыр жарақат алып (дәрігерлер тобық байламының үзілуі диагнозын қойған), содан қазан айында ғана толық айыққан болатын. Денис Тен Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғайды.

Бүгін Төрт құрлық чемпионатының әйелдер жарысында қысқа бағдарламада Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекова өнер көрсетті. Элизабет 56,52 ұпаймен 11-орынды иеленсе, 36,47 балл жинаған Мамбекова 20-орынмен шектелді.