Ертең елімізде «Денсаулық сабағы - 2011» өткізіледі

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық мектептерінде 1 қыркүйек күні «Денсаулығыңды күтуге дағдылан!» ұранымен «Денсаулық сабағы - 2011» өткізіледі. Бұл шара балалар мен жасөспірімдерге арналған нағыз Денсаулық мерекесі болмақ,

деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ел дамуының «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік стратегиясының басым бағыттарының бірі өскелең ұрпақтың денсаулығы, білім алуы мен игіліктері болып табылады. Ел халқының денсаулығын нығайту үшін мектеп қабырғасынан бастап салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, қауіпті мінез-құлық факторларына қарсы тұра алатындай өмірлік дағдыларды бойына сіңіру өте маңызды.

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында денсаулық сабағының басты тақырыбы ретінде салауатты өмір салты мәдениетінің түрлі аспектілері таңдалады: белсенді дене қимылы, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерге қарсы тұра білу, тұрмыста және жолда жүргенде қауіпсіз мінез-құлықтың болуы.

Бұл мерекені бүкіл ел бойынша өткізуді ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері қолдады.

«Денсаулық сабағының» ашылу салтанаты 1 қыркүйекте сағат 10.00-де өткізіледі, оған қоғам қайраткерлері, атақты спортшылар, ғылыми-зерттеу институттарының және медициналық жоғары оқу орындарының директорлары, Денсаулық сақтау басқармаларының, медицина мекемелерінің, салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің басшылары қатысады.

Еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде денсаулықты сақтау мен нығайтудың, темекі шекпеудің, арақ-шарап ішпеудің, есірткі тұтынбаудың, дұрыс тамақтанудың маңызы жөніндегі мәселелер туралы ақпараттық-ағарту материалдары берілген денсаулық жөніндегі қабырға газеттері рәсімделген.

«Денсаулық сабағы» аясында мектеп жасындағы балалар денсаулығының өзекті мәселелері, салауатты өмір салтын ұстанудың, қауіпсіз мінез-құлық дағдаларын қалыптастырудың және аурудың алдын алудың маңызы туралы бейнероликтер мен фильмдер көрсетіледі.

Бұл іс-шара оқушыларға салауатты өмір салтының негізгі аспектілері бойынша ақпарат алуға мүмкіндік береді және денсаулықты бала кезден сақтау мен нығайту үшін салауатты өмір салтын ұстанып, көп қимылдау және спортпен айналысудың маңызын, адамның өз денсаулығы үшін жауапкершілікте ынтымақтас болу қажеттігін көрсетеді.