Ертең еліміздің үш қаласында оқушылар қашықтан білім алады

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астана, Өскемен және Қызылордада оқушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты онлайн форматта оқиды, деп хабарлайды қалалық білім басқармалары.

26 ақпанда Астанада 0-9 сынып оқушылары үшінші күн қатарынан үйде оқиды.

— 2026 жылғы 26 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына (ауа температурасының төмендеуіне) байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Өскемен қаласында қатты аязға байланысты (-40) 1-2 ауысымдағы 0-11 сыныптар қашықтан оқытуға көшірілетіні белгілі болды.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 11-сыныпқа дейінгі оқушылар онлайн форматта білім алатыны айтылды.

— Ауа райының қолайсыздығына байланысты 2026 жылдың 26 ақпаны күні 0-11 сынып оқушылары уақытша онлайн оқу форматына көшетінін хабарлаймыз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласы бойынша білім бөліміне қарасты барлық жалпы орта білім беру ұйымдары (меншік нысанына қарамай) қашықтан оқытылады, — делінген таратылған ақпаратта.

Бұған дейін «Қазгидромет» РМК синоптиктері ертең, 25 ақпанда елдің бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасағанын жазған едік.