Ертең елордада «Астанадан тағзым» әдеби кеші өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 шілдеде сағат 17.00 «Жастар» сарайында Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің туғанына 120 жыл толуына орай «Астанадан тағзым» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырады.

Мерекелік шарада көрнекті жазушыларға арналған бейнесюжеттер көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын халық арасына кеңінен насихаттау, ұлы тұлғалардың бейнелері арқылы жастардың қазақстандық авторлардың шығармашылығына қызығушылықты ояту. Кеште Сәкен Майғазиев, Ардақ Балажанова, Лена Әбдіхалықова, Серік Оспанов және т.б. әншілер ән айтып, жас күйшілер өнерлерін көрсетеді. Кіру тегін, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.