Ертең Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 65-ші театр маусымын жабады

АЛМАТЫ. 30 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ертең Алматыда Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өзінің 65-ші театр маусымын жабады.

Бұл күні Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі қойылады.

Спектакльдің қоюшы-режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев, қоюшы-суретшісі - Ерлан Тұяқов, қойылымның композиторы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлова. Сахна сайыстарын қойған - Аман Құлбаев.

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық пен іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғайды. Адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы ғашықтық жырларын шертер қойылым - өнер мен өмір, тәрбие-тағылым мектебі екені хақ. Ұлы Ғабит Мүсірепов жазған бұл туынды - көпшілік-көрерменге оқиғасы жағынан өте кеңінен таныс. Дегенмен, бұл жолғы Қозы Көрпеш те, Баян да - басқа... Жаңа.