Ертең Грузия ТМД құрамынан шығады

АСТАНА.  Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат -    Грузия  үкіметі    халықаралық қағидаларды   ұстана  отырып, ТМД елдерімен   өзара тиімді қарым-қатынастарды жалғастыруға әзір.


Бүгін  Грузия Сыртқы  істер  министрлігінде  өткен брифингте     министрдің орынбасары Давид  Джалагания   мәлім еткендей,  «ертең  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы  құрамынан    ресми шығатынына  қарамастан,   Грузия   1969 жылғы Вена   конвенциясына сәйкес,  Достастық  форматында рәсімделген    75 халықаралық  келісімнің  мүшесі  болып қала бермек», деп хабарлайды  "Грузия Online"   басылымы.

 Грузияның Достастық органдарының халықаралық келісім-шарттары мен шешімдеріне қатысуы туралы мәселені қарау жөніндегі сарапшылар тобының  маусымның 3-4-інде Минскіде ТМД Атқарушы комитетінде өткен кеңестің қорытындысы бойынша Грузия Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан шыққаннан кейін де, Достастық аясында қабылданған 75 келісім-шартқа қатысуын жалғастыра беретіндігі  туралы  шешім қабылдағанын  ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын.

 Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылғы тамыздың 18-інде Грузияның Сыртқы істер министрлігі ТМД Атқарушы комитетіне елдің Достастық аясынан шығатыны туралы нота жолдаған болатын. ТМД Жарғысының 9-ыншы бабына сәйкес, мемлекет бұлай етуге құқылы. Мұндай ниет туралы мемлекет Достастықтан шығардан 12 ай бұрын хабарлайды. Бірақ та Достастыққа қатысу кезеңінде туындаған міндеттемелер олар толық орындалғанша сақталатын болады.